Дженнифер Лопес Қазақстан туризміне қыруар пайда әкелуі мүмкін. Әлемдік жұлдыздың Астанада өтетін концерті аясында 6 млрд теңге табу жоспарланып отыр. Бұл – туризмді түрлендірудің тың тәсілі. Бүгін Үкімет отырысында сыртқы және ішкі туризмді дамыту мәселесі қаралып, жаңа тапсырмалар берілді.
Көп ұзамай отандық фермерлерге агротуризммен айналысу құқығы беріледі. Тың бастама жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл-аймақтың әл-ауқатын арттырады.
ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
— Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктерде жерді жалға беру мерзімі 49 жылға дейін ұлғайту бойынша заңнамалық жұмыс жүргізіледі. Бұл экотуризмді дамыту үшін инвестиция тартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Отандық туризм экономиканың табыс көзіне айналуға тиіс. Сондықтан Үкімет басшысы жауапты министрлерге нақты тапсырма берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Елімізде көптеген мәдени және спорттық іс шара, бизнес форум өткізіліп жатыр. Барлық мүдделі мемлекеттік орган осындай ауқымды шараларға туристерді тартуға бейімдеу үшін нақты тетіктерді әзірлеуі керек.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Астанада 1 тамызда танымал әртіс Дженифер Лопестің концерті өтеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, соның аясында бюджетке 400 млн теңгеден артық салық түседі деп жоспарланған. Шетелдік жұлдыздың қатысуымен өтетін мұндай ауқымды іс-шара елге сырттан туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді.
Астана Арена стадионында өтетін концертті тамашалуға 15 мыңдай шетелдік турист келеді. Концерт аясында бас аяғы 6,5 млрд теңге тартылады деген болжам бар. Жалпы алдағы 3 жылда Астанада мәдени туризмді дамытуға ден қойылмақ.
МӘЛІК ХАСЕНОВ, «АСТАНА КОНЦЕРТ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРОДЮСЕРІ:
— Қазақстанның бұл салада көшбасшы болуға мүмкіндігі зор. Алдағы 3 жылда Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, әлемгі әйгілі әртістердің концертін ұйымдастырамыз. Басты мақсат – Астана қаласын Орталық Азия елдері арасында басты шаһарға айналдыру.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Жалпы, соңғы 5 жылда Қазақстанға келген турист саны 7 есе өскен. Мәселен, былтыр еліміз сырттан 10 млн-ға жуық демалушыны қабылдаған. Дегенмен қонақүйлерде олардың тек 1 млн ғана тіркелген. Қазақстанда туристер жұмсаған шығынды білу үшін цифрландру қолға алынбақ.
Туристерді тіркеудің тың тәсілі «E-qonaq» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
— Егер шетелдік азамат қонақүйге тоқтаса, оны отель тіркейді. Пәтерге тоқтаса жалға беруші тіркейді. Ал егер достарына немесе туыстарына қонаққа келсе, оны тіркеу – шақырған үй иесінің міндеті.
Осылайша, туризм саласы цифрлық жүйеге көшіріледі. Алдағы уақытта қызмет көрсету саласында туризмнің бірыңғай цифрлық эко жүйесі құрылмақ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.