Енді ұшағы кешігіп, жолынан қалған жолаушы рейстің статусы өзгерген жағдайда сақтандыру компаниялары арқылы өтемақы талап етуіне болады. Яғни қазақстандықтар әуе рейстерінің кешігуінен сақтандырылады деген сөз. Бұл жаңалықты Азаматтық авиация Комитеті жариялап отыр. Аталған норма алдағы мамыр айынан бастап іске қосылады.
Бұл пилоттық жоба кешіккен ұшақ үшін өметақы талап етуге мүмкіндік береді. Қазіргі заңнама бойынша ұшақтың кешіккен әр сағаты үшін билет құнынан 3% көлемінде айыппұл төлеу қарастырылған. Ал сақтандыру арқылы кез келген кешігу уақытына өтемақы өндіруге болады. Бірақ сақтандыру ерікті түрде жүргізіледі.
ӘДІЛЕТ КӨБЕНОВ, АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Кез келген жолаушының әуе көлігінде өзінің рейсін кешігуден сақтандыруға мүмкіндігі бар. Ол жобаға қосылса, рейс кешіккен жағдайда жолаушыға тиісті төлемақыны беріледі. Азаматтық Әуе Комитетімен жолаушылардың құқығын күшейту бойынша әрдайым жұмыс жүргізіліп жатыр. Сол жұмыс шеңберінде осындай жоба енгізу бойынша шешім қабылданды. Жоба мамыр айында енгізілу күтіліп отыр.
Жаңа жоба бойынша алдын ала ұшаққа билет алған жолаушы сақтандыруды да ұмытпауға тиіс. «Бұл жолаушы құқығын арттыру үшін жасалып отыр», — дейді Авиация Комитеті өкілдері.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Жалпы әуе компанияның кінәсінен болған кемшілік үшін жолаушыға тиісті қызмет ұсыну бұрыннан заңмен қарастырылған. Мәселен, түрлі себеппен ұшақ кешіккен жағдайда салқын сусын, ыстық тамақ, қонақүй ұсыну және көлік қызметтері. Ал жаңа жоба жолаушыларға жаңа мүмкіндік бермек.
Жаңа жоба сақтандыру компаниялары арқылы іске асатын болғандықтан, ұшақ қанша уақытқа кешікті, жолаушы сақтандыруға қанша қаражат жұмсады, өтемақы мөлшері соған байланысты. Дегенмен жолаушы үшін тиімді деп санайды сарапшылар.
НАТАЛЬЯ ЕВДОКИМОВА, «FREEDOM FINANCE INSURANCE СҚ» АҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Рейстердің кешігу себептері әртүрлі. Кешігу уақыты да. Сондықтан сақтандыру жолаушылар үшін қолайлы әрі тиімді. Оың үстіне демалу үшін сапарға шыққандарға ыңғайсыздық туып, көңіл күйлері түсетін жағдайда бұл да – бір қолдау.
АННА ЯМКОВАЯ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің әуе компаниялары кейде жолаушылар алдындағы жауапкершілікті мойындай бермейді. Менің қызым айына 1-2 рет Алматыдан ұшып келіп кетеді. Ұшақ кешігіп, бір-бірімізді күтіп жүреміз. Егер ондай сақтандыру болса, жақсы болар еді.
Бұл әдіс ЕуроОдақта мемлекеттерінде, АҚШ, Жапония сияқты алпауыт елдердің әуе саласында бар. Мамандар жаңа жоба әсіресе, жолаушы мен әуе компаниясы арасындағы түсініспеушіліктің алдын алады. «Бұл сақтандыру билет құнына әсер етпейді», — деп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.