18 жасқа толған 84 мың қазақстандық қыз-жігіт «Ұлттық қор – балаларға» қорындағы ақшасын шығарып алды. Олар бұл қаржыны тұрғын үй жағдайын жақсартуға және оқу ақысын төлеуге аударған.
Азиза Қуандық – Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының 2-курс студенті. Мемлекеттік грантпен оқиды. Жатақханада тұрады. 19 жастағы қыз «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы арқылы 100 доллар алып үлгерген. Бірақ бұл ақшаны Азиза қайда жұмсайтынын әлі шешкен жоқ. «Оқуым тегін, тұрғын үй алуға бұл сома тым аз», — дейді студент.
АЗИЗА ҚУАНДЫҚ, СТУДЕНТ:
— Ақшаны алу оңайлатылған болса, пайдасын көрер едім. Бірақ бұл жерде өзінің қиыншылықтары бар. Белгілі бір уақыт ішінде ақшаны қайда жұмсағаның жайлы анықтама тапсыру керек. Сондықтан қазір жатақханаға төлеу мүмкіндігі бар болғанымен, оны төлемеген жеңілірек.
Азиза қор ақшасынан жатақханаға төлей алмайды екен. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» мамандарының айтуынша, бұл қаражатқа тұрғын үй депозитін толтыруға, ипотекаға алынатын тұрғын үйдің алғашқы жарнасын салуға немесе үй сатып алуға рұқсат етілген. Сондай-ақ оқу ақысын өтеуге болады. 2024 жылдың бірінші ақпанынан бері 18 жасқа толған 84 мың қыз-жігіт қор ақшасын осы мақсатта пайдаланған. Оларға аударылған қаражаттың жалпы сомасы – 9 млн доллар.
ГҮЛНҰР АҒАЙДАРОВА, «БЖЗҚ» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Үй жағдайын жақсарту мақсатында барлығы 48 626 өтініш орындалды, оның жалпы сомасы 5 млн астам АҚШ долларын құрайды. Білім беру ақысын төлеу мақсатында 35 311 өтініш орындалды. Оның жалпы сомасы – 4 млн АҚШ долларына жуық.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы тізімінде 7 млн-ға жуық бала бар. Оның 324 мыңы биыл 18 жасқа толған немесе толады. Бағдарламаға екі жыл қатысқан әр баланың шотында қазір 232 доллардан бар. Қордағы ақшаны әлі алмаған жастар да бар. Қаражат шотта он жыл сақталады. Осы уақыт ішінде қолданылмаса, автоматты түрде зейнетақы қорына аударылады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— «Ұлттық қор – балаларға» қорындағы ақшаны баланың өзі ғана 18 жасқа толған соң шеше алады. Ата-аналар, туыстар немесе басқа адамдар пайдалана алмайды. Ақшаны шешу үшін eGov.kz порталы немесе «Отбасы банк» арқылы өтініш беру керек. Ақшаны не үшін алатынын дәлелдейтін құжат тапсырады. Құжаттар мақұлданған соң, қаражат тікелей оқу орнына немесе үй сатушыға аударылады. Қолға берілмейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.