Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа дайындық қызу

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына бір айдай қалды. Тарихи күнге арналған парадқа әскерилердің дайындығы қызу.
МАҒЖАН ҮЙСІНБАЙ, ТІЛШІ:
— Еліміздің әскери күш-қуатын көрсететін тарихи іс-шараға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Сымдай тартылған сарбаздар сап түзеп, мына алаңда күнде дайындықты пысықтайды.
Елімізде Жеңіс күніне арналған парад соңғы рет 7 жыл бұрын болған. Мерейтойлық шеруді басқару ҚР Қарулы күштерінің Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаевке жүктелді. Оның айтуынша, дайындық үш кезеңнен тұрады.

МЕРЕКЕ КӨШЕКБАЕВ, ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІНІҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
— Бірінші кезең осы әскери бөлімнің алаңында өтеді. Екінші кезең индустриалдық қалашықта болады. Ол кезде тек жаяу әскер емес, техникамен бірлесе дайындық жүргізіледі. Ал үшінші кезеңді «генеральная тренировка» дейміз. 3 мен 5 мамыр күні мемлекетіміздің үлкен алаңында өткізіледі.

Генерал-майордың айтуынша, биыл шеруге 24 парадтық есептоп қатысады. Қатысушылардың жалпы саны 4 мыңнан асады. Олар бұл шараға кездейсоқ таңдалмады. Бірінші кезекте әскерилердің денсаулығына аса қатты мән берілді. Содан соң кәсіби, саптық, физикалық дайындығы да ескерілді.

«Жеңіс күнін ұлықтайтын мерейтойға қатысу – әрбір сарбаз бен офицер үшін үлкен мәртебе», — дейді аға лейтенант Ақерке Жақыпова. Алғаш рет парадқа сарбаз ретінде 2018 жылы қатысқан офицер қуанышын жасыра алмады.

АҚЕРКЕ ЖАҚЫПОВА, АҒА ЛЕЙТЕНАНТ:
— Өте қуаныштымын. Біріншіден, Отаныма деген адалдығымды көрсеткім келеді. Екіншіден, атамның құрметіне.
МАҒЖАН ҮЙСІНБАЙ, ТІЛШІ:
— Әскери техника – парадтың басты бөлігі. Биылғы шеруде 300-ге жуық техника қолданылмақ. Солардың бірі – «Т-34 Б» танкі. Салмағы 44 тоннадан асатын танкі сағатына 60 шақырымға дейін жылдамдықты үдете алады.
Әскери парадта жауынгерлік техника мен авиацияның заманауи үлгілері көрсетіледі. Бұл «Арлан», «Cobra» сауытты дөңгелекті машиналары, «Стрела-10», «ТОР» және «БУК» зениттік зымыран кешендері, «EVO» Max 4T», «Skylark» ұшқышсыз ұшу аппараттары және қару-жарақ пен әскери техниканың басқа да жоғары технологиялық үлгілері бар.

МАҒЖАН ҮЙСІНБАЙ, ТІЛШІ:
— Жеңіс күніне арналған парадтың қатысушылары дәл осы дала лагерінде жайғасты. Мұнда 203 тұрғын үй шатыры, 12 тұрмыстық қызмет көрсету және 11 шаруашылық тірек пункті орнатылған.
Монша кешендерін, аурухана, көлік паркі және жабдықтарды жөндеу, қалпына келтіру пунктерін қосқанда дала лагерінде бар-жоғы 288 шатыр орнатылды. Әскерилер үшін бар жағдай қарастырылған. Қорғаныс министрлігінің өкілдерінің айтуынша, мерейтойлық парадқа екі жарым млрд теңге бөлінді.
———————————————