Қосшыда бүлдіршіндерді таситын шағын автобус апатқа ұшырады. Қоғамдық көлік аялдамаға соғылған кезде оның ішінде 10 бала отырған. Жетеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Осыдан бірнеше күн бұрын дәл осы қалада келіншек 2 жасар баланы қағып, ол оқиға орнында көз жұмған еді. Бұл бүлдіршін өміріне бейжай қарау ма, әлде алаңғасарлық па? Жүргізуші неге жауапсыз болып барады?
МАҒЖАН ҮЙСІНБАЙ, ТІЛШІ:
— Жол-көлік оқиғасы таңғы сағат 7-лер шамасында дәл осы жерде болды. Шағын автобус әуелі қоғамдық көлікпен қақтығысқан. Кейін аялдамаға соғылған. Сол кезде шағын автобуста 10 бала болған.
Шағын автобуста болған 10 бүлдіршіннің жетеуі ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, олардың барлығы басынан түрлі жарақат алған. Кейбірінің халі – мүшкіл.
МЕДЕТ НҰҒМАНОВ, БАС ДӘРІГЕРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бір баланың бұғанағы сынған. Тағы бір қыз баланың 4 жастағы жанбас сүйегі сынған. Сол баламыз жансақтау бөлімінде жатыр қазір. Бүгін түстен кейін ота жасалады жанбас сүйегіне. Жағдайы тұрақты ауыр.
Операциядан кейін 4 жасар қыз 10 күндей ауруханада дәрігерлердің бақылауында болады. Жеңіл жарақат алған бүлдіршіндер тиісті ем мен психологиялық көмек алған соң, үйлеріне жіберілді.
АЛМАГҮЛ ТҰРСЫМБАЕВА, ПД АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
— Қазіргі уақытта апаттың мән-жайын анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту үшін барлық қажет іс-шаралар өткізілуде.
Оқиға орнында әйнек сынығы мен бүлдіршіндерді тасымалдаған шағын автобус әлі тұр. Бұл тергеу жұмыстарына қажет сараптама жүргізу үшін қажет. Шағын автобус жүргізушісінің қазір қайда екені белгісіз. Ал апатқа ұшыраған көліктің Қосшы қаласындағы балабақшалардың біріне тиесілі екені белгілі. Біз мектепке дейінгі мекеме басшылығына хабарласуға тырыстық. Бірақ Ақмола облысының Полиция департаменті өкілдері олар туралы нақты дерек берген жоқ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.