Ақтөбе облысында электр қуаты 32% қымбаттайды

Ақтөбеде саяжай тұрғындары электр қуатының қымбаттауына наразы. Ертеңнен бастап аймақта электр энергиясының тарифі бірден 32% өседі. Саяжай халқы онсыз да жарыққа жоғары тарифпен төлеп жүрміз дейді. Өйткені электр желісі, бағана мен трансформаторды күтіп-ұстау шығынын өз қалтасынан өтейді екен. Ал жергілікті әкімдік бұл желілерді балансқа алмай отыр.
2 миллион теңге. Ақтөбедегі «Тереңсай» саяжай ұжымындағы 330 үй жарық үшін ай сайын осынша төлейді. Халық үй салуға жеті жыл бұрын рұқсат алған. Алайда күні бүгінге дейін олардың үйіне тоқ жеткізіп тұрған электр желілері қаланың балансында емес.
БОРАНБАЙ ҚАРАҚҰНАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біз қалада да тұрмаймыз, далада да тұрмаймыз. Америкадан келген адам сияқтымыз. Қаланың тарифімен көтерсе, оларда қанша светке төлейді. Ал біз өзіміз төлеп, өзіміз былтыр жаңа трансформатор қойып алдық. Үкіметтен ақша сұраған жоқпыз, трансформатор сұраған жоқпыз. Өзіміз әр үйден 70 мың теңгеден ақша жинадық. Енді линияны менять ету өз күштері болмаса, біздің күшіміз оған жетпейді.
Қазір саяжайлықтар әр киловатт сағат үшін 23-25 теңге төлейді. Көше жарығы мен желідегі шығын соның ішінде. Қала тұрғындары қазір киловаттына 16,6 теңге төлеп жүр. Бірінші сәуірде облыста электр энергиясының бағасы 32% өседі деп айтылып жатыр. Қаланы жарықпен қамтып отырған компания монополияға қарсы мекемеге тарифді өсіру жөнінде өтішін беріп қойған. «Жаңа тарифті қалтамыз көтермейді», — деп саяжай тұрғындары азар да безер.
СЕРІКБАЙ ҚАЙДАСҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Азғантай процент емес, 100% қымбаттатқалы отыр. Бұл деген масқара ғой. Неге екенін біле алмай отырмыз. Ол қалай? Мына қарындасымның айтуынша, бұл ескірген техниканы жаңарту үшін керек екен. Әкімшілік не үшін? Соны бір ретке келтіру әкімшіліктің міндетіне кіреді ғой.
Әкімдік өкілі бұнымен келіспейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары саяжайдағы электр сымдары мен бағандар нашар жағдайда, тұрғындар оны ретке келтірсе ғана, балансқа алуға дайынбыз деп отыр.
АБАЙ ОРЫНБАСАРОВ, ТҮКШБ БАС МАМАНЫ:
— Электр сымдары талапқа сай болмағандықтан, әрі қарай күтіп-ұстау «Энергосистема» мамандарына қиындық әкеледі. Өйткені кейбір бау-бақша ұжымдарының электр бағандары аулаларымен жүргізілген, яғни талапқа сай емес. Қисайып, құлайын деп тұрады. Соның бәрі талапқа сай болса, біз қаржы-экономика бөлімі арқылы қабылдауға қарсы емеспіз.
«Жарық сымдары мен бағандарды жөндеп, құжатын дайындау үшін бірнеше миллион теңге керек», — дейді тұрғындар. Олар мұндай ақшаны өздігінен жинай алмайды, мәселенің көп жылдан бері шешілмей жатқаны да сондықтан. Ақтөбеде 400-ден астам саяжай ұжымы бар, 60 мың адам мекендейді.
———————————————