Ақтөбе – Хромтау бағытында қатынайтын автобустар тоқтап қалды

Ақтөбе – Хромтау бағытында қатынайтын автобустар тоқтап қалды. Салдарынан жергілікті халық үш есе қымбат жеңіл көлікпен қатынауға мәжбүр. Әкімдік 8 облысішілік бағыт бойынша қатынайтын жаңа автобустарға 340 миллион теңге субсидия бөліп, көліктер өткен жылдың ақпан айынан жолға шыққан еді. Жақында такси жүргізушілерінің бірі рейсте жүрген автобустың алдыңғы әйнегінде жарықшақ бар, артқы доңғалақта бұранда жоқ деп шағымданған. Тексеру жүргізіліп, тасымалдаушы мен жүргізушіге айыппұл салынды. 30 наурыздан бастап бағыттағы барлық автобустар рейстен алынған.
НАЗЫМГҮЛ МАНАСБАЕВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
— Таксимен қатынауға барлық зейнеткердің жағдайы жете бермейді. Автобуспен алаңсыз, уайымсыз келеміз. 1200 теңгеге барып қайтқанға не жетсін?! Енді тоқтап қалғаны дұрыс болмады.
ЕСЕТ АМАНБАЕВ, ЖКАЖБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазіргі таңда мердігер мекеме жөндей жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жақын арада қайтадан рейске шығады деп жоспарлап отырмыз.
———————————————