Қазалыдағы көпір құрылысы неге тоқтап тұр?

Қызылорда облысы Қазалы ауданында Сырдария үстінен салынып жатқан көпір құрылысы тоқтап тұр. 10-нан астам ауылды аудан орталығымен жалғайтын өткел өткен жылы пайдалануға берілуге тиіс еді. Алайда нысан әлі күнге дейін ел игілігіне берілмей отыр. Дарияның арғы бетіне қоныстанған 15 мыңдай халық қалт-құлт еткен қалқымалы көпірмен қатынап жүр. Ал мұз ұстасар және сең көбесі сөгілер сәтте бұл көпір алынып тасталады. Күз-көктемде бергі бетке өту үшін тұрғындар 60 шақырымдық айналма жолмен жүруге мәжбүр. Тендерді ұтып алған мердігер ұзындығы 248, ені 9 метр болатын екі жолақты автокөлік көпірі құрылысының 20% ғана аяқтаған. Салалық басқарма өкілдері енді бұл компаниямен келісімшартты бұзды.
САҒЫМБАЙ КЕРЕКЕЕВ, ҚАРЛАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ажар, Кәукей, Бозкөл, Қожабақы, Бірлік, Өркендеу, Тасарық, Лақалы, Аранды деген ауылдар бар. Халық көнеді ғой, неге көнбей жатқан жатыр дейсің?! Осы көпірге үміт артып отырмыз, енді 1-2 жылда бітсе дейміз.

ЖӘНІБЕК СЫЗДЫҚОВ, ЖКАЖБ БАСШЫСЫ:
— Биыл 2025 жылы қайтадан конкурстық жұмыстар өткізілді. Мердігер мекеме анықталды. 2025 жылдың алдағы сәуір айында құрылыс жұмысын толық бастау күтілуде. 2025 жылдың аяғына дейін көпірді береміз деп күтіп отырмыз.
———————————————