Өскеменде соғыс ардагерлерінің құрметіне мурал салынады

Алып алыстан көрінеді. Өскеменде көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне соғыс ардагерлерінің суреті салына бастады. Шығыс Қазақстан облысында Ұлы отан соғысына қатысқан 13 майдангер тұрады. Жүзден асса да, жүрісі тың, қимылы ширақ.
Оркестрдің орындауындағы әуелеген ән соғыс ардагері Анастасия Светочеваның құрметіне арналады. Әскери бөлім қызметкерлері оған тосынсый жасады. 102 жастағы Анастасия Светочева – Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері. Майдангердің көңілі бір серпіліп қалды.

АНАСТАСИЯ СВЕТОЧЕВА, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
— Өзім ешқашан ән шырқамадым. Бірақ қашан да құлақтың құрышын қандырар әуендерді тыңдайтынмын. Мені елеп, сый-құрмет көрсетіп жатқандарына үлкен рақмет!
Қарт жауынгер майдан шебінде байланысшы қызметін атқарған. Сұрапыл соғыстан кейін Өскеменде ауыр өнеркәсіпті дамытуға атсалысты. Қалалық кеңестің депутаты болды. Анастасия Светочеваның өмірлік жолы әскерилерге үлгі.

ДАРХАН МҰХТАРИЕВ, 3477 ӘСКЕРИ БӨЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Жеңістің мәні мен маңызын ешқашан төмендетуге болмайды. Отан үшін от кешіп, бейбітшілік өмір сыйлаған майдангер ата-әжелеріміздің ерлігін ұмытпаймыз.

Ерекше ілтипат пен құрметке бөленгендердің бірі – Құрмат Рахимов. Ғасыр құрдасы әлі тың. Астанада өтетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шеруге дайындалып жатыр. Қарт жауынгер Белорусияны азат етуге қатысып, қан майданда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Жақында Күршімге табан тіреп, туған ауылында кадет училищесін ашты.

НҰРЛЫБЕК КҮДЕРБАЕВ, ІІО АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Бұл құттықтаулар мен құрмет барлық ардагерге арналады. Себебі қан майданнан қаншасы оралмады. Олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз.
Әскерилер құр алақан емес. Ардагерлерге шағын сый-сияпаттарын ұсынып жатыр. Оның сыртында жергілікті билік тұрғын үйдің қасбетіне қарт майдангерлердің келбеті бейнеленген муралға тапсырыс беріпті. Бұл үлкенге ізет көрсетіп, олардың ерлігін жас ұрпақты санасында жаңғыртуға септігін тигізеді деген ойдан туса керек.
———————————————