Теміртауда зейнеткерді сабап, тонап кеткен бесеудің ісі үшін қала әкімінің орынбасары жазаланды. Қарағанды облысының әкімі Facebook-те жүгенсіз жасөспірімдер оқыған үш мектептің басшылығы да жауапқа тартылғанын айтып пост жариялаған. Ермағанбет Бөлекпаев болашақта мұндай оқиғаларды азайту үшін қосымша шаралар әзірленетін айтты. Аймақтағы мектептерді қазір ювеналды полиция мен прокуратура тексеріп жатыр. Жалғыз тұратын қарияның үйіне кіріп, оны әбден қорлаған бес оқушы және бұл оқиғадан кейін бұзақыларды өздігінше тәрбиелеуге тырысып, басы бәлеге қалған тағы үш балаға қатысты қылмыстық іс тергеліп болған жоқ.
ЕРМАҒАНБЕТ БӨЛЕКПАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарына кәмелетке толмағандарға тиісінше бақылау жасамағаны үшін қатаң сөгіс жариялауды тапсырдым. Сондай-ақ жасөспірімдер оқыған білім беру мекемелері директорларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.