Мәжілісмендер кибералаяқтықпен күресті күшейтетін заң жобасын әзірлеуге кірісті

Ғаламтордағы көзге көрінбейтін қылмыскерлер депутаттар назарына ілікті. Мәжілісмендер кибералаяқтықпен күресті күшейтетін заң жобасын шұғыл әзірлеуге кірісті.
ЕGov порталында жаңа функция пайда болды. Енді әр қазақстандық жеке сәйкестендіру нөміріне қанша мобильді нөмір тіркелгенін өзі тексере алады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – соңғы жылдары үдеп кеткен кибералаяқтарға қойылған тосқауылдың бірі. Инновациялық қызмет көрсету жағдайын жақсарту үшін Заң жобасын талқылауға жиналған депутаттар да қаптап кеткен алаяқтық қылмысқа алаңдаушылық білдірді.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруда ауыз толтырып айтар жаңалық көп. Egov-тағы өзгеріс – соның бірі. Интернет-алаяқтармен күрес туралы айтқан министр Мәдиев Egov-қа мобильді нөмірлердің заңсыз тіркелуіне қарсы күресуге көмектесетін жаңа функция енгізілгенін хабарлады.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ЦДИАӨ МИНИСТРІ:
— Енді Egov-та жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу арқылы өзіңіздің атыңызға рәсімделген телефон нөмірінің санын біле аласыздар. Қандай да бір сәйкессіздікті анықтайтын болсаңыз, бірден мобильді операторға жүгініп, мән-жайды анықтауыңызға болады.

Енді бір адамға 10-15 SIM-карта сатылмайды. Мобильдік нөмір алғанда биометриялық тексеру жасалады. «Бұл да қаптап кеткен кибералаяқтық, басқа да қылмыстан сақтандырады», — дейді министр. Ал Мәжіліс депутаттары цифрландыру дами түскен сайын жұртқа несие рәсімдеп, талайды тақырға отырғызған алаяқтарға неге тоқтау болмай отыр деп күйінді.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Өткен жылғы алаяқтық қылмыстың 99% әлеуметтік желі арқылы жасалған. Бұған осы цифрландыру министрлігі жауап бермей ме? Азаматтар алаяқтарға 12 миллиард теңге аударған. Бұл 2023 жылдағыдан 3 есе көп. Сол қылмыстың 80% ғана ашылған. Алға басып бара жатырмыз, бірақ қауіпсіздік қайда? Қылмыс өршіп барады.
РИНАТ ЗАИТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Иә, интернет алаяқтық бар. Иә, онымен күресу керек. Ол үлкен қауіп-қатер. Біра қазір бәріміздің айтып отырғанымыз тек Цифрлық даму министрлігі мен Ішкі істер министрлігін кінәлап отырмыз. Бұл жерде кінәлі – банктер. Соның қызмткерлері жеке ақпаратты таратқан.

«Сондықтан кибералаяқтықтан құтылу жолын іздеуге банктер де қатысуға тиіс», — дейді депутат.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Технология дамыған сайын айлакерлердің амал-тәсілі де көштен қалмай келеді. Қанша жерден инновациялық өзгерістер енгізіп, екі батырманы ғана басып, мемлекеттік қызмет алуға мүмкіндік туса да, кибералаяқтар үшін бұл тәсілдер қолайлы болып тұр, Сондықтан өздеріңіз жайлы деректерді оңды-солды таратудан сақ болыңыздар.
Олай дейтініміз, негізінен алаяқтың арбауына түскендер – ұялы телефон арқылы келген SMS-хабарламаларды да, өзі жайлы ақпаратты да жайып салғандар.
———————————————