Картоп бағасы қашан тұрақталады?

Елде картоп бағасы түспей тұр. Келісі сауда орындарында кемі 400-500 теңгеден сатылып жатыр. Сапасы көңіл көншітпейтін, әлеуметтік арзан картоп та саудада бар. Бағасы, мысалы, Астанада – 185 теңге. Қыстан бері қымбат көкөністер тізімінен шықпай қойған картоп бағасын тұрақтандыру үшін оны тауарлық биржа арқылы сату ұсынылады. Ол қандай тәсіл? Картоп өсірушілер мен жауапты министрлік бұған не дейді?
Ақтөбеде тұрақтандыру қорына салынған 4600 тонна картоптың қоймада сегіз жүз тоннасы қалды. Көкөніс әлеуметтік дүкендер мен супермаркеттерде екі түрлі баға: 103 және 168 теңгеден сатылып жатыр. Картоп қоры мұнда фьючерстік келісімшарт жасау арқылы дайындалады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жергілікті үш шаруамен келісімге келген. Картоптың ақшасын алдын ала төлеп қояды, кейін оның құны қанша құбылса да, бұрын бекітілген бағамен сатып алып отырады.

ЖАМБЫЛ СӘЛИЕВ, «АҚТӨБЕ» ӘКК БАС МЕНЕДЖЕРІ:
— Форвардтық келісімшарттар өнімді алуымызға байланысты. Біз үлкен көлемде келісімшарт жасап қоямыз. Бағаның өсуіне қарай өнімді аламыз. Егер баға төмен болып, біз өнімді алмасақ, өнім сол тауар өндірушіде сақтала береді.
Астанада олай емес. Картоп бағасын тұрақтандыру үшін мұнда кәсіпкерлерге арзан несие беру тетігі қолданылады. Картоп өсірушілер немесе ірі сауда желісіне ақша аударылады. Кәсіпкер картопты қайдан алса да, өз еркі. Тек әкімдік белгілеген бағада сатуы керек. Ол биыл 185 теңге.

РИЗАГҮЛ МҮСЛІМОВА, «ASTANA» ӘКК ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
— Әр өңірдің спецификасы бар ғой. Өзіңіз білесіз, Астананың маңайында ауыл шаруашылығын дамыту қарастырылмаған. Біз көбіне Павлодар, Ақмола, Қарағанды облысының тауар өндірушілеріне тәуелдіміз. Мысалы, Астана қаласына несие беру – ең тиімді бағдарлама. Ол тауар өндірушілердің де қажеттіліктерін жабады, екі жаққа ең тиімді бағдарлама.
«Каспий» тауарлық биржасы картоп нарығын реттеудің жаңа жолын ұсынады. «Картопқа қатысты сын көп. Кейбір облыстар тұрақтандыру қорының көлемі туралы жоғарыға өтірік ақпарат берген. Одан да картопты биржа арқылы сатайық», — деп биржа басшысы ауыл шаруашылығы және сауда министрлеріне хат жазған. Ұсынысы жауапсыз қалды.
МҰРАТ ҚАДИСОВ, «КАСПИЙ» ТАУАР БИРЖАСЫ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:
— «Каспий» тауар биржасы өнімді алдын ала сату мүмкіндігін қамтамасыз ететін фьючерстік келісімшарттарды пайдалана отырып, картоп саудасының заманауи және ашық тетігін құруды ұсынады. Бағаны тұрақтандырудың биржалық тәсілі фермерлерге өнім көлемін алдын ала жоспарлауға, биржадағы мәмілелер арқылы аванс алуға және несие жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстанда елу гектар алқапқа тұқым салатын қожалық иесі картопты биржада сату идеясын қолдамайды. Алтынтаң Дүйсенбаеваның айтуынша, біріншіден фьючерсті келісімшарттың тәуекелі көп. Мысалы, былтыр көктем тасқынды, күз жаңбырлы болды. Картоп өсіретін барлық өңірде өнім дұрыс шықпаған. Ал шыққан көкөністі күзде уақытылы жинай алмай, қиналған. Суда қалған картопты сақтау қиын, тез бұзылған. «Қыстағы тапшылық содан туды», — дейді шаруа. Екіншіден, биржаға шығарылатын картоп сапасын бақылау қиын. Үшіншіден, картоп өсірушілер көбіне ауылда тұрады. Олардың биржа тілін түсінуі екіталай. Одан бөлек, шаруалар картопты қоймадан-ақ оп-оңай сата алады.
АЛТЫНТАҢ ДҮЙСЕНБАЕВА, ТАУАР ӨНДІРУШІ:
— Фьючерстік келісімшарттар кімнің есебінен жасалады? Мемлекеттің ақшасына ма? Онда биржаға шығып, қосымша пайыз төлеп, ақша жұмсаудың қажеті қанша? Идея жақсы, бірақ менің ойымша, ол биржа емес, банктер арқылы ма, басқаша болуы керек. Себебі тәуекелі көп. Егер ертең фьючерсті келісімшарттың талабы орындалмаса, кім жауап береді? Тағы да мемлекет пе?

Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер картопты биржаға шығару ұсынысы қаралып жатқанын айтады. Бұл тәсіл мемлекетке қаншалықты тиімді болатыны есептелген соң, тараптар бір шешімге келмек.

ТЕМІРЛАН МАРАТОВ, АШМ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Биржа арқылы сату мәселесі бойынша «Каспий» биржа деген АҚ-нан бізге өтініш келіп түсті. Ол өтінішті қазір біз қарастырудамыз және Сауда министрлігімен осы мәселені пысықтаудамыз.
Әзірге министрлік қыста басталған қымбат картоп проблемасын шешу үшін үздіксіз тауар интервенциясын жасап, экспортқа тыйым салумен шектеліп отыр. Есесіне, картоп елімізге Қытай, Мысыр мен Пәкістаннан жеткізіліп жатыр.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Бұл картоптың сырты нашар көрінгенімен, іші таза екен. Осындай арзан картоптың қорда 105 мың тоннасы бар. Ол осы айдың соңына дейін жетуге тиіс. Ал оңтүстік өңірлерден жаңа піскен картопты 216 мың тоннасы айдың соңында тасыла бастайды. Оның бағасы қандай болатыны әзір белгісіз.
———————————————