Мопед жүргізушілері электрлік велосипедке көшіп жатыр

Алматыда мопед жүргізушілері жаппай электрлік велосипедке көшіп жатыр. Себебі 5 сәуірге дейін мопедті тіркеп, мемлекеттік нөмір алып үлгеруге тиіс. Өйтпеген жағдайда екі дөңгелекті көліктері айып тұрағына жіберіледі. Енгізілген жаңашылдықтың тиімділігі неде? Мопед жүргізушілері оны қалай қабылдап жатыр?
Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс қауырт. Мопед иелері құралын есепке қоюға асығып жатыр. Солардың бірі – Сергей Раговец.
СЕРГЕЙ РАГОВЕЦ, МОПЕД ЖҮРГІЗУШІСІ:
— Кезек бар, бірақ бұл – қалыпты жағдай. Рәсімдеу шараларына екі жарым сағаттай кетті. Әрине, бұл заң мопед жүргізушілерінің жауапкершілігін арттырады деп ойлаймын. Себебі жолдағы қауіпсіздік ережесін бұзған жағдайда жазаланатынын біледі.
Транспорттың бұл түрін әсіресе курьерлер көп қолданады. Дегенмен жаңа заңның талабын орындауға бәрі бірдей құлшыныс танытып жатқан жоқ. Мопедтерін тіркегісі келмегендер электрлік велосипедтерге көшкен. «Тасымалдау ыңғайлы», — дейді, бірақ қуаты тез таусылады. Сондықтан ақшадан қағылып жүргендер де бар.
АЛМАС ӘБІШЕВ, ВЕЛОСИПЕДШІ:
— Құжаттарды талап ете бастады. Рәсімдеуге кірістім. Қазіргі уақытта менің куәлігім жоқ. Мерзімі өтіп кеткен, оны ұзартуға мүмкіндік болмай тұр. Оған дейін жарты жыл мопед міндім. Жаңа заңның шыққанын естігенде электрлі велосипедке ауысуды жөн санадым. 400 мың теңгеге бөліп-бөліп төлеу арқылы сатып алдым.
Полицейлер 5 сәуірге дейін 10 мыңнан артық мопедті тіркемек. Ал осы мерзімге дейін көлік құралын есепке қойып үлгермегендер айыппұл арқалайды.
АЙДЫН МЕРКІМБАЕВ, ПД ПРОЦЕССИНГ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Тіркеу қызу жүріп жатыр. Өтініш берушінің барлығы мемлекеттік қызметтерді уақытылы алып жатыр. Тәулігіне шамамен 500-ден астам азамат мопедін есепке қойып жатыр. 5 сәуірге дейін құжаттарын рәсімдеп үлгермегендердің көлігі айып тұрағына жіберіледі.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа талапқа байланысты мопедшілер жаппай электрлі велосипедке көшуі мүмкін. Дегенмен ескеретін бір жайт, транспорттың бұл түрі де жаяу жүргінші мен көлік тізгіндегендер үшін айтарлықтай қауіпсіз емес.
АРСЕН ШАУКОВ, ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Электрлі велоспидтерді әсіресе курьерлер көп пайдаланып жүр. Яғни тасымалдау жағынан жұмыстарын жеңілдетіп жүргені рас. Бірақ қауіпсіздікті де ұмытпаған абзал. Олардың жылдамдығы да жоғары. Айналадағы адамдарға зақым келтіріп алмауды ойлау керек.
Электрлі велосипед иелері де жол қозғалысының қатысушысы болып саналды. Олар үшін де белгілі бір жол жүру ережесі бар. Бірақ жауапкершілік аз. Арнайы жолақтармен немесе жолдың оң жақ бетімен жүруі керек. Былтыр Алматыда мопедшілердің қатысуымен бір мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болды. 17 адам қаза тауып, мыңға жуығы жарақат алды. 44 мың мопед жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір Алматы облысында 6 мың мопед көлік құралы ретінде тіркелген.
———————————————