Перизат Қайраттың ісін тергеу аяқталды. Материалдар жақын күндері сотқа жіберіледі. «Біз біргеміз» қоры басшысының алаяқтық әрекетінен 3,5 млрд теңге шығын келген. Сенат дәлізінде осы іске қатысты түсінік берген Қаржы мониторингі агенттігі өкілі Перизат Қайрат тергеушілермен жұмыс істеуден бас тартқанын және кінәсін мойындамай отырғанын айтты. Тергеу материалы 100 томнан тұрады. Онда оңалту орталығының құрылысына, тасқыннан зардап шеккендерге көмек, Палестина халқына ақша жинау секілді үш эпизод бар. Сондай-ақ қылмыстық жолмен тапқан ақшаны жылыстатудың екі дерегі қосылған. Күдіктіден тәркіленген элит үйлер, машиналар, алтын бұйымдар мен қымбат сөмкелер – барлық мүліктің тағдырын енді сот шешеді. Алаяқтық әрекеттен нақты қанша адам зардап шеккенін Жеңіс Елемес айта алмады. Перизат бұл істе жалғыз емес. Оның анасы да –«алаяқтық» және «қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату» баптары бойынша күдікті. Ол қазір үй қамағында.
ЖЕҢІС ЕЛЕМЕС, ҚМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Екеуі де күдікті. Екеуін де сотқа жіберіп отырмыз. Анасын да алаяқ «алаяқтық» және «қылмыстық жолмен тапқан ақшаны жылыстату» бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартып отырмыз. Ол қызына көмектесіп, түскен ақшаны өзінің шотына аударып, сол шоттан ақшаны алып, үй, машина, гүл сататын дүкендер сатып алуға көмек берген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.