АҚШ Президенті енгізген баж салығының біздің елмен арадағы сауда-саттыққа соншалықты әсері болмайды. Сауда министрлігі осындай мәлімдеме таратты. Былтыр біз Америкаға 2 млрд доллардың тауарын сатқанбыз. Ол – шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа және басқасы. Бұл өнімдер онсыз да АҚШ билігінің жарлығы бойынша ерекше тізімге енгізілген. Бірақ қосымша баж салынатын тауарды да АҚШ-қа сатады екенбіз. Мысалы, былтыр 95 млн долларға фосфор, линза, аммоний нитратын экспорттадық. Қабылданған тарифтік шаралар соларға ғана әсер етеді. «Бұл – Қазақстанның АҚШ-қа жалпы экспортының шамамен 4,8%-ы», — делінген Сауда министрлігі жазбасында. АҚШ Президенті Дональд Трамп Америкаға тауар импорттайтын 185 елге баж салығын енгізді. Қазақстан үшін оның көлемі 27% деп белгіленген. Отандық қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың пікірінше, бұдан экономикамыз ауыр соққы алады деп айту қиын.
РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ, САРАПШЫ:
— Дәл қазір уайымдайтын түгіміз жоқ. Бұл жағдайда доллар әлсіреп, теңге күшеюі мүмкін. Бірақ бірден ақша айырбастау пунктеріне жүгірмеңіздер. 27% баж салығынан Қазақстанға анау айтқандай әсері болмайды, себебі біздің негізгі сауда серіктестеріміз – Қытай, Еуроодақ пен Ресей. Қосымша тарифтердің жанама әсерін шамамен бір айдан кейін басқа елдер саудасынан байқауымыз мүмкін.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.