Түркістанда 64 жастағы мерген әже тұрады

Түркістанда құралайды көзге атқан мерген әже тұрады. 64 жастағы Ләззат Есикеева садақты нысанаға дөп тигізеді. Бір қызығы, ол садақ ату өнеріне бір ай бұрын ғана машықтана бастаған.
Нысанаға дәл тигізген кәсіпқой садақшы емес, 64 жастағы әже. Ләззат апа бір ай бұрын ғана садақты қолына алған.

ЛӘЗЗАТ ЕСИКЕЕВА, САДАҚШЫ:
— Бала кезімде әкем істеп беретін. Бәрін қолдан қаңылтырдан істейтін. Ол кезде мұндай мишень жоқ, картонды қойып, оған сандарды қолмен жазып жабыстырады да, «ал, қызым, ат» дейді. Соған мәз боламыз. Сөйтіп, атып үйрендік.
Түркістан қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде өзінің мергендігімен танымал атанды. Оның видеолары жүз мыңдаған қаралым жинады.
Ләззат Есикееваның айтуынша, садақ ату адамның денсаулығына да, өмір сүру салтына да тікелей әсер етеді. Қазір күніне бір рет жаттығуды әдетке айналдырған. Ендігі мақсаты – келесі көшпенділер ойынына қатысу.
ЛӘЗЗАТ ЕСИКЕЕВА, САДАҚШЫ:
— Саусақ бірдей емес қой, мына үш буынды бірдей ұстап тұрса дәл тигізе аласың. Қайта-қайта ата берген соң қол қиылады, сол үшін қолғап киеміз. Кейде оқ қисайып кетіп, қолды жырып кету де мүмкін. Сол үшін осыны тағамыз, қолды қорғап тұрады, өйткені әртүрлі жағдай болуы мүмкін.
Садақшы әже мергендікті өзі ғана меңгеріп қоймай, Түркістан қаласына келген туристерді де үйретіп жүр. Оның айтуынша, бұл өнерді қазақ жұрты ғана емес, шетел азаматтары да білуі керек.
———————————————