МӘМС жарнасы өседі

Айлығыңыз 850 мың теңгеден жоғары болса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын көбірек төлеуіңіз мүмкін. Бұл әзірге ұсыныс. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова депутаттарға жаңа заң жобасын таныстырды. МӘМС қай санаттағы кісілерге қолжетімді болмақ?
2026 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасының көлемін ұлғайту ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс жалақысы 850 мың теңгеден жоғары қызметкерлерге ғана қатысты. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда табысы жоғары осындай 508 мың азамат бар.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— 5 есе көтеру ұсынылып отыр. Бұл өзгерістер барлық жалдамалы жұмысшы мен оларға жұмыс берушілердің шамамен 9% ғана тиесілі. Себебі қазір табысы жоғары адамдар пропорционалды түрде аз төлеп отыр. Яғни заңмен белгіленген 2% ғана. Жоғары айлық алатын азаматтар аз төлейді.
Қазір Қазақстанда 3 млн артық азамат МӘМС жүйесіне тіркелмеген. Оның 1 млн-ы осал топқа жатады. Енді осы санаттағы адамдар жергілікті бюджет есебінен тегін ем-дом алады. Бірақ депутаттар бұл бағытта әлі де түйткілді тұстар бар екенін айтады.
НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Қазір Қазақстанда 448 мың жұмыссыз азамат бар. Бұл жергілікті бюджеттен төленуге тиіс. Бюджетте мұндай ақша бар ма?
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— Жұмыссыздықтарға 14 млрд теңге қаражат бөлінеді. Д, Е категориясын әлеуметтік осал топтардан жүйелі түрде шығару үшін жасалған ұсыныс.
Депутаттар медициналық сақтандырудың тиімділігін арттыру керектігін айтады. Ол үшін азаматтардың қажет ем-дом алуына барынша мүмкіндік жасаған жөн.
НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— 2 пайыздың 1 пайызын арнайы есеп шотқа аударсаңыз. Оны мен өзімнің қалауымша пайдалансам, мәселен, тіс емдеуге, косметологқа барғанда пайдалансам. Яғни түгелдей МӘМС-ке кетпей, басқа да ем-домдарға пайдалануға мүмкіндік болса дейміз.
Маңызды құжатта азаматтардың әлеуметтік мәртебесін негізге алу, кепілдік аясында диагностика шараларының көлемін ұлғайту мәселелері қарастырылған
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, азаматтар үшін әлеуметтік маңызы бар дерт бойынша диагностика шаралары қолжетімді болады. Бұл тізімге туберкулез, гепатит, жұқпалы аурулар мен онкологиялық скринигтер жатады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұсынған заң жобасындағы өзгерістердің бірі – осы.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, 2027 жылға дейін әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика шараларының тізімін кеңейту көзделген.
———————————————