Ақтөбеде «Мерген ару – 2025» чемпионаты өтіп жатыр

Ақтөбеде осы күндері пневматикалық мылтық атудан «Мерген ару 2025» ашық республикалық чемпионаты өтіп жатыр. Ұлы Отан соғысының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған спорт шарасында 100 ару бақ сынауда.
Кентау қаласынан келген Аружан Оразбаева үшін бұл – спорттағы бірінші ауқымды жарыс. Чемпионатқа ол соңғы 3 ай бойы бар күш жігерін салып дайындалған. Пневматикалық мылтықтан атумен бір жарым жылдан бері айналысқан. Арманы – ауылына жеңіспен оралу. Бірақ қарсыластары да осал емес сияқты. Ақтөбеге республикамыздың барлық өңірінен мен деген мерген қыздар жиналған.
АРУЖАН ОРАЗБАЕВА, ЧЕМПИОНАТҚА ҚАТЫСУШЫ:
— Өзіңе сенімді болу керек. Қыздар өзіне сенімді болмаса, жеңіп кете алмайды. Көру қабілеті маңызды. Телефон көп ұстамау керек. Тек уақытысымен ұстаған дұрыс.
Чемпионтқа қатысушыларды әсіресе Әлия Молдағұлова туралы мәліметтер қызықтырған. Қаршадайынан мектепте оқып жүріп Әлия снайперлер курсында ең үздік мерген атаныпты. Ұлы Отан соғысының Батыры Әлия Молдағұловаға еліктеген атқыш қыздар оның ерлігін өнеге тұтты. Ақтөбеде мұндай спорт шарасы бірінші рет өткізіліп отыр. Чемпионатқа Астана мен Алматы және 8 облыстан мектеп оқушылары келген. Олар 10 метр қашықтықтан әрбір атысқа 100 ұпайға дейін жинауға тиіс.
СЕРІК СРАЖОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:
— Бүгін жарыстың екінші күні өтіп жатыр. Жалпы келген командалардың дайындығы, шеберігі өте жоғары екенін байқауға болады. Барлық команда үлкен дайындықпен келген. Бәсеке өте жоғары.
Чемпионат қорытындысы бойынша, топтық және жеке жарыста жеңіске жеткендерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар және кубоктар беріледі. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлованың есімімен аталатын мұражай атынан медаль табысталады.
———————————————