Легионерлерге бюджет есебінен жалақы төлеуге заңмен тыйым салынады

Сырттан келген спортшыларға бюджет есебінен жалақы төлеуге заңмен тыйым салынады. Талап квазимемлекеттік компаниядан қаржы алатын клубтарға да қатысты. Осындай норманы қамтитын заң жобасын Сенат депутаттары екі оқылымда мақұлдады. Құжат Президенттің қарауына жіберіледі. Туризм және спорт вице-министрінің айтуынша, қазір ел спортында шамамен 300-ге тарта легионер өнер көрсетіп жүр. Оның 149-ы футбол, 109-ы хоккей ойнайды. «Қазақстанның нанын жеп, суын ішкенімен, паспортын алуға асықпайтын шетел азаматтарына айлықты енді әр клуб өз қалтасынан төлеуге тиіс», — дейді Серік Жарасбаев. Клубтарды қаржыландыру лимиті де заңмен бекітілмек. Мәселен, футбол мен хоккей клубтарына 1,2 млрд, қалған клубтарға 450 млн теңгеден артық қаржы бөлуге болмайды. Ал ойыншылардың жалақысы 2 млн теңгеден аспауы шарт. «Үнемделген ақшаны балалар спортын дамытуға жұмсаймыз», — дейді спорт вице-министрі.
СЕРІК ЖАРАСБАЕВ, ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Осы заңмен оларды тек қана бюджет және квазигоссектормен шектеу туралы сұрақ қойылып жатыр. Бірақ егер болашақта бір клуб, мысалы, аймақтық клуб өз қатарына басқа елдің спортшыларын шақырам десе, оған тыйым салынбайды. Ол оны шақыра береді, бірақ оның қаражатын, жалақысын және контрактісін бюджеттен тыс ақшадан, демеушілік, басқа да көздерден табуы керек.
———————————————