Талдықорғанда көрнекті шахмат шебері Төлеуғазы Кәріпбаевтың атындағы Қазақстан балалар кубогының бірінші кезеңі өз мәресіне жетті. Тартысқа толы турнир тоғыз турға созылды.
Қазақстан шахмат федерациясы көп кезеңді ересектер кубогымен қатар үшінші жыл классикалық шахматтан балалар арасында да жарыс өткізіп келеді. Биыл 6-14 жас аралығындағы 228 жас шахматшы жүлдені сарапқа салды. Оның ішінде Тәжікстан мен Қырғызстаннан келген қатысушылар да бар. 14 жасқа дейінгілер санатында өткен жылғы кубоктың иегері Ақылжан Мейірханұлы биыл 1 кезеңнен сүрінбей өтті.
10 жасқа дейінгі санатта 105 ұл және қыз бала сайысқа түсті. Олардың арасында анық фаворит болған жоқ. Көшбасшы жарыстың басынан аяғына дейін өзгеріп тұрды. Ақтық турда Әлиакбар Бейпейісовтың бағы жанып, топ жарды. Командалық есепте Алматы қаласы, Атырау мен Павлодарлық ұжымдардан басым түсіп көш бастады.
Биылғы біріншілік 6 кезеңнен тұрады. Оза шапқандар финалда бақ сынайды. Әр кезеңнің жүлде қоры – 3 млн теңге. Қазақстан балалар кубогының жеңімпазы қараша айында Алматыда белгілі болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.