Жамбыл жақта жер сілкінді. Дүмпу қуаты 5 балға жеткен. Әзірге зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Бірақ Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандарында бірнеше ғимаратқа сызат түскен. Дүмпуді Тараз тұрғындары да сезді. Облыста жедел штаб құрылды. Шығын көлемін есептейтін арнайы комиссия да жасақталды.
Зілзаладан Меркі және Тұрар Рұсқұлов ауданында 28 ғимарат зақымданды. Бұл – аудандық аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет үйі, медициналық бөлімшелер. Жер асты дүмпуі салдарынан Тұрғын үйлердің де қабырғасы жарылып, сылақтары түскен.
ҚАНАТБЕК МӘДИБЕК, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Алматы қаласынан арнайы келген Ұлттық сейсмикалық орталық мамандары, арнайы комиссияның қатысуымен талдау жұмыстарын жүргіземіз. Ол жарықтардың неден пайда болғанын, қашан пайда болғанына қатысты тиісті қорытындылар беріледі. Нысандардың әрі қарай жұмысқа пайдалануына қатысты шешімдер шығарылады.
Жер сілкінісі Жамбыл облысында 28 наурызда түнгі 03:00 шамасында болды. Меркі ауылында оның қуаты 5 балға жетті. Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында магнитудасы 4 балдық зілзала тіркелді. Жер сілкінісі Тараз, Шу қаласы мен Қордай, Мойынқұм аудандарында да сезілген. Мұнда жердің дүмпуі 2 балды көрсеткен.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Жалпы, елімізде жер сілкіну қаупі бар аймақтардың қатарына Алматы, Талдықорған, Шымкент, Жамбыл, Абай облысы кіреді. Мамандардың мәліметінше, бұл өңірлерде соңғы жылдары зілзала көбейген. Жер сілкінісіне әсер ететін үдерістерді сейсмолог ғалымдар да зерттеп жүр.
МҰХТАР ХАЙДАРОВ, СЕЙСМОЛОГ:
— Жер сілкінісі көбейіп жатыр. Оның себебі, бір жағынан, 70-жылдары Қапшағай су қоймасы толған соң басталды. Сонымен тоқтай алмай жатыр. Қаптаған қар, жаңбыр суы қайда кетеді дейсіз, жердің астына кетеді.
Мұхтар Хайдаровтың пікірінше, елімізде Ұлттық ғылыми сейсмология орталықтарының жұмысын әлі де жандандыру керек. Мамандардың біліктілігін арттыру жолға қойылмаған. Бұл салаға үлкен реформа қажет. Ал жер сілкінісі болған Жамбыл облысында қазір сенім телефоны жұмыс істейді. Бүгінде азаматтардан 12 қоңырау түсті. Жауапты мекеме мамандарының мәліметінше, тұрғындардың денсаулығы мен өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Шығын көлемін есептейтін арнайы комиссия құрылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.