Құрық ауылында мектеп шатыры опырылды – қылмыстық іс қозғалды

Маңғыстау облысы Құрық ауылындағы мектептің шатырының опырылып ортасына түсуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Салынғанына 16 жыл болған білім ошағы неге сыр бергенін тергеушілер анықтайды. Тергеу аясында құрылысқа жауапты компаниялар мен лауазымды тұлғалардан жауап алынып жатыр. Оқиға кезінде мектепте ешкім болмаған, зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, 1200 оқушыға шақталған білім ордасының шаңырағының ортасына түсу оқиғасы өзге мектептерге сабақ болуы тиіс. Оқу басталмай тұрып, өзге де білім ошақтарының сапасы тескерілуі тиіс деп санайды сарапшылар.
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ:
«Құлаған төбе аумағы – шамамен 250 шаршы метр. Оқиға орнына арнайы мамандар тартылып, техникалық тексеріс пен сараптама жұмыстары жүргізілуде. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Ғимараттарды, құрылыстарды немесе олардың бөліктерін пайдалануға беру немесе пайдалануға рұқсат беру кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Мектеп аумағына бөгде адамдардың кіруіне уақытша тыйым салынды. Алдағы жөндеу жұмыстары мен нақты шешімдер туралы ақпарат ресми түрде қосымша хабарланады».
———————————————