Елімізде есірткіге тәуелді азаматтардың саны азаймай отыр. Жалпы, бүгінгі таңда 17 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. Олардың дені – жастар. Әсіресе синтетикалық стимуляторларды пайдаланатындар көбейген. Құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында Ішкі істер министрі осылай деді.
Ержан Сәденовтың мәліметінше, биыл 474 қылмыскер ұсталып, 6,4 мың тонна есірткі тәркіленген. Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды. Оның үшеуі – трансұлттық деңгейдегі топ. Есірткіні жарнамалайтын 17 мыңдай сайт анықталып, бұғатталды. Ішкі министрі улы затты интернет, пошта арқылы таратушылармен күрестің күшейгенін атап өтті. Ведомство басшысы сол сияқты, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша қылмыс 35 пайызға азайғанын жеткізді. Былтыр мамандандырылған бөлімшелер құрылған. Үкімет басшысы Олжас Бектенов отбасын қолдау орталықтары желісін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда қандай да бір зорлық-зомбылыққа, қол сұғушылыққа жол берілмейтінін білдіреді. Президент тапсырмасы бойынша біз заңнаманы күшейттік. Әйелдер мен балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдаттық.
АИДА БАЛАЕВА, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
— Былтыр маусымда Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң қолданысқа енгізілді. Бұл маңызды құжаттың нәтижесі жоқ емес. Қазіргі таңда отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша қоғамның көзқарасы өзгергенін байқаймыз. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз-келіншектер отбасындағы жанжал туралы ашық түрде айта алады. Одан бөлек, қиын жағдайға тап болған әйелдерге жәрдем беретін орталықтардың да көбейгенін атап өткім келеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.