«Балақайлар мектебі»: 90 мың бала мектепалды даярлықтан өтеді

Биыл ел бойынша 90 мыңға жуық бала мектепалды даярлықтан өтеді. Қысқамерзімді бағдарлама «Балақайлар мектебі» деп аталады. Оның аясында жаздың 2 айында 25 мыңға жуық бала даярлық курсынан өтті. Енді тамыз айында тағы 5 мыңнан астам топ құрылып, онда 65 мың 200 баланы қамту көзделіп отыр. Оқыту мерзімі – 1 ай. Ал сабақ күн сайын 30 минуттан болады. Оның сыртында 10 минуттық үзіліс бар. Балаларға бастауыш сыныптың білікті мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері сабақ береді. «Бірінші кезекте, балалардың физикалық, коммуникативтік, зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ мектепке деген оң көзқарас қалыптастыруға баса назар аударылады», — дейді мамандар. Әсіресе балабақшаға бармаған балаларға басымдық беріледі. Бұл бағдарлама биыл екінші жыл жүзеге асырылып отыр.
———————————————