Қызылордалық Ғазиза Рысқұлова электр-газ дәнекерлеу ісін ұршықша иіріп жүр

Уақыт талабына төселген маман. Қызылордалық Ғазиза Рысқұлова электр-газ дәнекерлеу ісін ұршықша иіріп жүр. Нәзік болмыстың мықтылығын байқатқан ол 10-нан астам магистральді газ желісін тартуға үлес қосқан. 17 жыл ішінде ірі конструкциялы құрылыс алаңдарына арнайы шақыртылатын кәсіби дәнекерлеушіге айналып үлгерген.
Темірден түйін түйіп, металды мақсатыңа көндіру оңай шаруа емес. Сондықтан бұл салаға ерлердің өзі беттей бермейтіні рас. Ал Ғазиза Рысқұлова тәуекелге толы тірліктің тілін тауып, аз оқып, тез ақша табатын мамандықты меңгеріп алған. Қазір халықаралық стандартқа сай салынып жатқан стадион құрылысына қолғабыс етіп жүр.

ҒАЗИЗА РЫСҚҰЛОВА, ДӘНЕКЕРЛЕУШІ:
— Анам: «дәнекерлеушілердің айлығы көп», — деп айтатын. 2004 жылғы әңгіме бұл. Содан ойымда ештеңе жоқ, дәнекерлеуші болса болсын деп, сол мамандыққа түсіп кеттім. Конкурсқа 72 баладай қатыстық. Соның ішінен 36 бала іріктелді. Оның ішінде мен ғана қызбын, қалған 35-тің бәрі ер бала болды. Бірақ сол 36 баланың ішінде дәнекерлеуді тоқтамай жасап келе жатқанның бірі – мен. Мақтанамын.
Кесте тігер арудың темір-терсек ортасында жүргенін әдепкіде оғаш көргендер аз болмапты. Тіпті колледж қабырғасындағы ұстазының өзі шәкіртінің топырлаған жігіттің арасында жең түріп, білім алып шығарына күмәнмен қараған.

НИЯКҮЛ ДӘУЛЕТБАЕВА, ҰСТАЗЫ:
— Ғазизаны мен 20 күндей журналға жазбадым. Кететін шығар деп ойладым. Содан кетпейтініне көзім жеткенде: «Ғазиза, фамилияңды айта ғой», — десем: «Рысқұлова Ғазиза», — дейді. «Туған жылың мен айыңды айт», — десем: «24 наурыз», — деп тұр. Сосын мен: «Сен қыз өз туған күніңді айт, ол менің туған күнім», — дедім. Сондай бір сәйкестік болды. Содан 3 жыл көз алдымда оқыды. Оқуда өте ұқыпты, білгісі келіп тұратын зерек студент болды.
Ғазиза ерекше мамандық таңдай отырып, осы жолда өмірлік серігін де жолықтырған. Күйеуі де – дәнекерлеуші.

ЖЕҢІС ӘЛИАСҚАРОВ, КҮЙЕУІ:
— Бірек арқамнан түртеді, қарасам қолында 5 литрлік баклашкасы бар Ғазиза. Болты бітіп қалған соң, менен сұрады. Танысуымызға сол себеп болды. Болттың арқасында танысып, нөмір алмасып, әрі қарай сөйлесіп кеттік. Қазір отау құрғанымызға 10 жыл болды, құдайға шүкір. Ұлдарымыз бар. Екеуміздің кәсібіміз бірдей болғандықтан жұмыста шамалы түсініспеушілік болып тұрады. «Сенікі дұрыс, менікі дұрыс» дегендей. Ал үйде сүйікті келіншегім, сүйікті ана.
Мамандық пен адамдықтың биігіне бірге шығуды көздеген жұп бүгінде үш ұл тәрбиелеп отыр. Еңбек адамдарының айтуынша, кәсіби бағдарлы маман иелері жұмыс берушілердің нақты сұранысына сай дайындалғаны дұрыс.
———————————————