Мас күйінде көлік жүргізіп, адам қаққаны былай тұрсын, жүргіншіге көмек бермей қашып кеткен жүргізушінің ісі дәл қазір сотта қаралып жатыр. 40 жастағы ер адам 2 бірдей баппен айыпталды. Бірі масаң күйде көлікті басқарды, адам өліміне себеп болды. Ал екінші бап қандай? Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, қандай жаза беріледі.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Жантүршігерлік оқиға 2 желтоқсанда болған. Оқушылар автобусының мас жүргізушісі алдындағы көлікті басып озбақ болып, жолдың қарама-қарсы бағытына шыққан. Бірақ жасаған әрекеті адам өліміне әкеліп соқты.
Бұл – марқұмның анасы. Оны бүгінгі кезекті сот отырысына айыпталушы тарап куәгер ретінде шақырған. Себеп – жәбірленушінің отбасына қаржылай көмек көрсеткендерін дәлелдеу болыпты. Марқұмның жақындары: «Қанша көмек көрсетсе де, отбасының асыраушысын қайтарып бере алмайды», — дейді.
ГҮЛНҰР ҮСЕЙІНОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘЙЕЛІ:
— «Жазадан құтылып кете ме, сот соның жағына шығып кете ме» деген қорқыныш бар. Алдыңғы сот отырыстарында сол кісілердің сөзін сөйлеген жағдайлар болды. Жолда басып озғаны дәлелденіп тұр. Бірақ іс жүзінде ол мүлдем қаралып жатқан жоқ.
Кезекті сот отырысында автобус паркінің заңгері де куәгер ретінде тыңдалды. «Автобуста барлық техникалық қауіпсіздік ережесі сақталған» деген автопарк өкілі марқұмның отбасына 7 млн теңге көлемінде материалдық көмек берілгенін айтады. Мұны отбасының асыраушысынан айырылғанына байланысты жәрдем деп түсіндірді.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Марқұмның артында 8 және 11 жастағы екі ұлы мен жары қалды. Айта кетейік, бүгін сот тергеуі аяқталды, ал 4 сәуір күні жарыссөз басталады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.