Астанада зорлық-зомбылық көріп, дағдарыс орталығын паналағандар 21% азайды

Астанада зорлық-зомбылық көріп, дағдарыс орталығын паналағандар 21% азайды. Мамандар бұл «Отбасылық зорлық-зомбылық» туралы заңның қатаңдатылғанынан деп отыр. Десе де әлі де өзекті болып отыр. Дағдарыс орталығының тыныс-тіршілігі қандай? Жәбірленушілерге қандай көмек қарастырылған?
Күйеуінен зәбір көрген Диана екі айдан бері дағдарыс орталығын паналап жүр. Күйеуінен қашып, екі баласымен осында келген. 3 жыл отасқан жолдасы жұмыс істемей, ішімдікке ішкен, қол көтерген.
ДИАНА ДОРОХОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Күйеуім ішімдік ішуін қоймады. Ажырасқаннан кейін де артымнан аңдып, ұрыс-керіс шығаратын. 2 рет үстінен арыз жаздым. Бірінші сот оған менің маңайыма жақындамау жөнінде шешім шығарды. Бірақ бұрынғы күйеуім оны елемеді. Полицияның көмегіне жүгінуге тура келді.
Бұрығы күйеуі алимент төлеуді де тоқтатқан. Енді келіншек кезінде тастап кеткен оқуын жалғастырып, жұмысқа тұруды көздейді.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Жұбайларынан жәбір көрген әйелдер дағдарыс орталығын 6 ай мерзімге дейін паналайды. Мұнда қазір 53 адам тұрып жатыр. Оның 16-сы – әйел. Биыл орталықтың ашылғанына 11 жыл. Содан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған 800-дей қыз-келіншекке әлеуметтік тұрмыстық, педагикалық, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетілді.
Мұнда жатын орны мен ішер асы тегін. Еңбекке баулу терапиясына қатысады. Мысалы, мына шеберханадағы қолөнер бұйымын анасы мен баласы жасаған. Мамандардың пікірінше, мұндай сабақ жәбірленушілердің шеберлігін шыңдап, сенімділігін арттырады. Жәбір көргендер дағдарыс орталығынан кетсе де, әлеуметтік қызметкерлер ай сайын үйлеріне барып, жағдайды бақылайды. Өйткені қайта шағымданып, келетіндер де бар.
СВЕТЛАНА САБАНШИНА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР:
— Жыл басынан бері 20 әйелді қабылдаған болсақ, соның алтауы орталыққа қайта келді. Себебі отбасын сақтап қалғысы келіп, күйеулеріне қайтып барды. Бақылап отырдық. Қауіп төніп жатқанын көрдік. Күйеуімен қайтадан қосылып, қандай да бір уақыт ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қайталанып, орталыққа қайтып келіп отыр.
Психолог Индира Көбекова: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек ұрып соғу ғана емес. Бұл әйелді балағаттау, яғни психологиялық, эмоционалды қысым көрсету жатады», — дейді.
ИНДИРА КӨБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
— Зорлық-зомбылыққа түсетін қыз балаларды әкесі кішкентай кезінен «Мен сенің жаныңдамын. Мен сенің қорғаушыңмын. Мен сенің тіреуішің бола аламын» деген қағидада өсірсе, қыз балалар зорлықпен кездескен уақытта кетіп қала алатын еді. «Жоқ, менімен олай жасауға болмайды», — деп өз шекарасын қорғайды. Үнемі сынға алу, қорлау, манипуляция, газлайтинг – агрессордың манипулятивтік инструменті.
Психологтар қыз-келіншектерге жан-жақты ізденіп, қаржылық сауаттылығын арттыруға кеңес береді. 2023 жылы елімізде тұрмыстық жанжалдан 69 әйел және 7 бала қайтыс болған. Осыған байланысты былтыр тұрмыстағы зорлыққа қатысты заң қатаңдатылған болатын.
ДИАНА ДОРОХОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Заңның қатайғаны жақсы. Көп әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Күйеулері ұрып, соғады. Жаңа заң әйелдердің құқығын қорғайды. Бұл бізге үлкен сенімділік береді.
Жаңа заң бойынша ұрып-соғу енді қылмыс болып саналады. Іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғаққа сүйеніп, тергеу жүргізе алады. Нәтиже бар. Мамандардың айтуынша, заң қатаңдатылғалы дағдарыс орталығын паналайтындар саны 21% азайған.
———————————————