Сырбойылықтар Наурызды сән-салтанатымен атап өтіп жатыр

Жауқазын жер. Жаңа күн. Ұлы Наурыз. Жаңа жылдың бастауы болған ұлық мерекені сырбойылықтар өзіндік сән-салтанатымен атап өтіп жатыр. Наурызнама онкүндігі бойынша мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрдің кеңінен насихатталды. Қызылорда қаласы мен аймақтың барлық ауданында тігілген ақшаңқан үйлердің айналасы ән-жырмен көмкеріліп, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып сахналанып жатыр. Арал теңізін жағалай қоныстанған жұрт жыр керуеніне сап түзеп, ықылымнан мирас болған қазақи салт-сана көрінісін паш етті.
Жол-жөнекей барша сырбойылықты құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған «Наурыз» керуені шаһар көшелерімен жүріп өтті. Ұлысқа мерей сыйлаған ұлық Наурызда ұлттық-этнографияның барлық көрінісі паш етілді. Жер бусанған сәтте шығатын дала гүлдерінің шеруі, қазақтың жыл қайыру сәті және барлық салт-сана тізбегі сомдалды. Орталық алаңға тігілген ақ отаулардың маңында мән-маңызы ерек тақырыптық көрмелер ұсынылды. Ұлттық құндылықтарды кейінгі толқынға дәріптеуді діттеген шара аясында көрермен назарына «Наурыз жыры», «Саумалық», «Аластау», «Неке қию» рәсімдері секілді жеті түрлі дәстүр көрсетіліп, әрқайсының мән-мағынасы түсіндірілді. Сондай-ақ кенезесі кепкен Арал теңізінің толуына мүдделі жұрт тасаттық беру салтын ерекше әспеттеді.

ЖАҒАЛАДИН ӨТЕРОВ, АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Халықтың тілегі ел аман болып, Арал теңізі суға толып, 1-жоба қабылданып іске асса деген ниеттеміз. Ойластықпен істелген жұмыстың барлығы келте болмайды. Өте дұрыс, орынды. Халықтың ойын-көңілін бөліп, жастарды қыдыртып, би-думан жасаған өте орынды.
Әз Наурызды тойлау шаралары аясында өңірде «Қобыз үні» атты қолөнершілер көрмесі бастау алды. Одан бөлек «Taqia party» ұлттық киімдер байқауы ұйымдастырылды. Қазақы дәстүрдің жәрмеңкесін сырбойылықтар ерекше тебіреніспен тамашалады.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында сырбойылық 60 отбасы баспаналы болды. Шаһардың жаңа ауданынан бой көтерген көпқабатты үй әлеуметтік осал топтағы жандарға берілді. Соның бірі — Мәдина Базарова. Үй кезегін 10 жылдай күткен көпбалалы ана ұлық мерекеде өз құттыхана тұрғынжайына қол жеткізгеніне бек риза.
МӘДИНА БАЗАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мейрамда бізге бұйырып жатыр. Өзім күміс алқа иегерімін. Көпбалалы анамын. Күйеуім – 2-топтағы мүгедек. Сол санатпен кезекке тұрғанбыз. Қуанышымыз шексіз. Шамалы толқып тұрмын.
Жаңару мен жасару мерекесі қарсаңында жомарт жерді идірген Сыр өңірінің диқандары дән себуді бастады.
———————————————