Senat Open II Ашық кубогының іріктеу кезеңі аяқталды

Астаналық ардагерлер кеңесінің шахматшылары Senat Open II Ашық кубогының іріктеу кезеңінде командалық есепте жеңіске жетті. Турнирге Эло рейтингі бойынша кем дегенде 2000 ұпайы бар әуесқой шахматшылар қатысты. Олардың арасынан көп ұпай жинаған 35-сі жартылай финалда елорда намысын қорғайды.
Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов турнирдің алғашқы жүрісін жасады. Содан кейін жұпқа бөлінген шахматшылар ойынды бастап кетті. Senat Open атанғанымен, ойынға депутаттардан басқа, ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері және журналистер қатысып жатыр. Инженер Күлпаш Жетібаева шахматты мектеп жасында үйренген. «Кейін үнемі жұмыс бабымен жүріп, ойнайтын уақыт болмады», — дейді. Зейнетке шыққан соң, шахмат тақтасымен қайта қауышқан.
КҮЛПАШ ЖЕТІБАЕВА, ШАХМАТШЫ:
— Ойын жақсы өтіп жатыр. Жаңа ғана отырдық. Бірінші партия өтті. Әрі қарай өркендейді деп ойлаймын. Өйткені мұнда әртүрлі саладан, әртүрлі жастағы шахматты жақсы көретін адамдар ойнап жатыр.
Кубок Парламент Сенатының қамқорлығымен өтіп жатыр. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев турнир өткізуге бастамашы болса, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов бұл идеяны қолдады. Турнир кезінде Қазақстанның екі дүркін чемпионы, халықаралық шебер және әйелдер арасындағы гроссмейстер Меруерт Камалиденова оқушылармен 14 партияны қатар ойнады. Қазақстан шахмат федерациясы бұл ойынды балалар арасында дамытуға үлкен күш салып жатыр.
МАРАТ ЕСЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазір біз мыңға жуық мектепте шахматты сабақ ретінде өткізуді бастап кеттік. Екіншіден, әлемде шахматта өзін жоғары деңгейде көрсетіп жатқан балаларға арнайы қолдау көрсетіп жатырмыз. Оларға түрлі жарысқа баруға, жаттықтырушыларды таңдауға мүмкіндік жасап жатырмыз.
Senat Open турнирінің іріктеу кезеңінде Виктор Журавлёв жеңімпаз атанды. Мерей Руслан екінші, Андрей Байскаков үшінші орын алды. Әйелдер арасында Айжан Асанова, ардагерлер арасында Құнанбай Сағнаев үздік атанды. Іріктеу ойындары Қарағанды және Павлодарда жалғасады. Финал тамызда Астанада өтеді.
———————————————