Петропавлда қар еріп, қарбалас басталды

Петропавлда қар еріп, қарбалас басталды. Косогор шағын ауданында тұратын Владимир Черепановтың баспанасын қарғын су басып қалды.
Тұрғынның айтуынша, былтыр күзде осы аумақтағы тұрғынжайларды жаппай сүру кезінде суағар жүйесі бүлінді. Салдарынан жоғарыдан аққан су осында жайылған. Қазір әсіресе жеке секторда тұратын халықтан маза кетті. Тұрғындардың қорасы мен ауласы суға толып жатыр. Осыған байланысты коммуналдық қызметшілер тәулік бойына жұмыс кестесіне көшті. Қала әкімдігінің диспетчерлік қызметіне тек өткен тәулікте 60-тан астам шақырту түскен. Бірлік және Жұмысшы кенті ауданында жедел әрекет ету штабы жасақталды. Мамандар бітеліп қалған арықтарды тазартып, суды сорғытып жатыр. Ал өңірдегі өзен-көлдерде әзір жағдай қалыпты. Синоптиктер 13 градусқа дейін жылынатынын ескертті.
ВЛАДИМИР ЧЕРЕПАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Былтыр көктемде де су кірген еді. Жөндеу жұмыстарын сол күйі аяқтай алмай қалдық. Бар еңбек зая кетті. Енді қайта бұздық. Үйдің іргетасы да жарылды.
ЕРБОЛ НӘБИЕВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:
— Қазір қала бойынша аталған шаруаға 80-нен астам адам жұмылдырылған. 50 техника тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Мұнымен қоса бізге волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер де көмектесіп жатыр.
———————————————