Кино түсірушілер Үкіметтен маман даярлауға көмектесуді сұрады

Сценарист пен режиссер тапшылығы болмағанда, Қазақстанда кино мен сериал көбірек түсірілер еді. Мәселе Үкімет деңгейінде қаралды. Отырыста мәлім болғандай, былтыр қазақстандық фильмдердің кинотеатрда жинаған кассасы 22 млрд теңгеден асып жығылған. 2023 жылғы табыстан шамамен 35% көп. Стримингтік алаңда да отандық фильмдерге сұраныс артқаны байқалады. «Бірақ көрерменге ұсынарымыз аз, себебі ұлттық контентті жасайтын кадр тапшы», — дейді кино өндірушілер. Индустрияға сценарист, режиссер, оператор, жарық қоюшы мен грим жасаушы қажет екен. Кино түсірушілер Үкімет басшысынан маман даярлауға көмектесуді сұрады. Олжас Бектенов отырыста көтерілген сұрақтың бәрі қаралатынын, отандық кино өндірісіне жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Қазіргі уақытта фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Сондықтан кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту маңызды. Ол үшін түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін «Е-кино» платформасын жедел іске қосу керек.
———————————————