Бүгін – Ұлттық киім күні. Астанада ұлттық нақыштағы киімдерімізді ұлықтау мақсатында сән көрсетілімі өтті. Дизайнер де, модель де тігінші мамандығы бойынша білім алып жатқан кәсіптік техникалық колледж оқушылары. Амал күнінен бастау алған Наурызнамадағы «Ұлттық киім күнін» жастар осылайша мазмұнды етті.
Бүрмелі көйлегі төгіліп, тал бойына жарасқан 72 болашақ тігінші қыз бұралып ортаға шыққанда таңғалмаған жан жоқ. Өйткені әрқайсысының үстіндегі қайталанбас үлгі, нақышты бояу көздің жауын алғандай. Алты колледжден келген оқушылар бұл ұлттық киімді өз қолдарымен тігіп, сәндеген екен. Әрине, бірін-бірі қайталамайтын үлгі, қайталанбас көрініс.
ШЫРАЙ АДАМБЕК, КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ОҚУШЫСЫ:
— Көрсетілімдерге жол ашқанына өте қуаныштымын. Осы үстімдегі образды өзім тіктім. Бұл бізде дипломдық жұмыс сияқты жүреді. Студенттерге көп мүмкіндік береді.
Әрине, болашаққа талпынған жастар үшін үлкен баспалдақ. Кең мүмкіндік. Биылғы «Жұмысшылар жылында» таңдаған мамандығына берілген нұсқау. Олар жыл бойы тігіп сәндеген.
РИММА АМАНҒАЗИНОВА, КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ:
— Бұл колледждің ең алғашқы мақсаты – студенттеріміздің колледжде алған білімі мен дағдыларын көрсету және ұлттық киімдерін таныту. Сондай-ақ жұмысышы мамандарын өзімізге тарту.
Бұл – мәдени шара «Әсем fashion» қалалық байқауының бір бөлігі. Сондықтан ұлы істе оза шапқандар үлгі ғана емес жеңімпаз болады. Бірінен бірі сұлу ұлттық киімдегі қыздарымызға тамсанбасқа болмайды.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бет жүзіңді тұмшалап, қап қара киім киіп жүргенше, қазақ қыз-келіншектеріне ұлтты ұлықтап тұратын сәнді кәмшат бөрік пен жаға-жеңі оюлы қамзол, бешпет киіңіздер дер едім…
Болашақ тігінші, жас дизайнердің біліктілігін сарапқа салатын қазылар алқасында белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзада да бар. Нұра аудандық әкімдігі мен Астана қалалық білім басқармасы ұйымдастырып отырған байқау қатысушыларына бағалы сыйлықтар берілді
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.