Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық киім киетіндердің қатары көбейді. Мәселен оқушылар мен жастар әр жұма сайын қазақы нақышта киінеді. Нағыз тренд дерсіз. Ал наурыз мерекесі қарсаңында мемлекеттік қызметкерлер де костюмдерін – шапан, қамзолға ауыстыра бастады. Енді бұл бастаманы олар игі дәстүрге айналдырмақ ниетте.
Солтүстік Қазақстандық жас ақын Самрат Құскен үстінен шапанын тастамайды. Түрлі шара мен жиында қазақы нақышта төбе көрсетіп жүр. Айтуынша, ұлттық рухты ұлттық киім айшықтайды. Сондықтан аптаның әр күніне ою-өрнекпен көмкерілген арнайы киімі бар.
САМРАТ ҚҰСКЕН – АҚЫН:
— Ұлттық киім – ұлттық құндылықтардың негізі. Сондықтан қазақы тәрбиеңді, ата-бабадан алған тәліміңді көрсеткің келсе, ұлттық киімді киіп, қоршаған ортаға дәріптеп жүргеніміз дұрыс болар. Өзімді ерекшеленіп тұратыны – табиғи болмысымды дәріптейтін шапан, бөркім.
Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер де жұмысқа ұлттық киім кие бастады. Әз Наурыз мерекесіне орай, өңірде арнайы акция басталды. Осылайша, ер азаматтар костюмді – шапанға, қыз-келіншектер көйлегін – қамзолға ауыстырды.
АРМАН БЕРДАҒҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ:
— Қызметкерлеріміз жаппай қазақша киініп келгенде ұжымдағы атмосфера өзгереді. Нағыз мерекелік көңіл күй сезіліп, жұмысымыз алға басады. Сондықтан бұл челленджді біз дәстүрге айналдырып жатырмыз.
Бүгінде өңірде төрт мыңға жуық азамат мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Тіпті өзге ұлт өкілдері де акцияға үн қосуда. Осылайша, олар осы облысты қаймағы бұзылмаған өңір екенін тағы бір мәрте паш етті.
ЕЛЕНА ЗАВЬЯЛОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Ұлттық киім – гардеробтың элеметі ғана емес, сонымен қатар біздің тарихымыздың, мәдениетімізге деген мақтанышымыздың символы. Наурыз – жалпыға орта мереке. Оны баршамыз атап өтеміз. Қолдаймыз. Маған қазақтың киімі ұнайды. Сондай-ақ мен қазақ тілін үйреніп жатырмын.
Ал бұл мектептің оқушыларымен ұстаздары ұлттық киімді ұлықтап жүргендеріне үш жылдан асты. Тың бастаманы ата-аналар да қолдаған. Тіпті әр сынып өз стильін таңдап, арнайы форма тіктірген.
Оқушылар үшін қызықтың бәрі үзілісте басталады. Білекті балалар арқан тартып күш сынасады. Өнерлі өрендер домбырада ойнайды. Мақал-мәтел жарысында оза шапқандар бауырсақтан дәм татады.
ГҮЛНҰР ЕЛУБАЙ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл күні тек ұлттық киім киіп қана қоймаймыз. Екі он бес минуттық қоңырауда жалпы ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіледі. Сонымен қатар ұлттық спорттық ойындар ойнатылады. Мұндағы басты мақсатымыз — қазақ халқының құндылықтарын дәріптеу, насихаттау. Балаларға оқушыларға жеткізу.
Дизайнерлердің айтуынша, соңғы кездері өңірде қазақша киімге қызығатындар көп. Бұрын жұрт оны тек той-домалаққа алатын. Ал қазір ұлттық нақышты заманауи үлгімен үйлестіріп, тапсырыс жасайтындар да жоқ емес.
ЗАРИНА МАВЛЯНИ, ДИЗАЙНЕР:
— Мен тігіншілікпен енді айналыса бастаған кезде сұраныс болмайтын. Ал бүгінде ұлттық киім трендке айналды. Осының арқасында бәсекелетік артты. Дизайнерлер сапаға мән бере бастады. Яғни қазір халықта таңдау көбейді. Бұл – ең бастысы.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— «Адам көркі – шүберек» демекші, кез келген жанның бойына әсемдік сыйлап, талғамын айшықтайтын ол – киген киімі. Ал ұлттық киімде тәрбие бар. Қыздарға көрік, ер азаматтарға жігер береді. Сондықтан өңірде қазақы дәстүрдің қайта жаңғырып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.