Елордада бұрын-соңды болмаған рекорд орнады. Қазақ би өнерінің інжу-маржаны – «Қамажайды» үш мың оқушы билеп, көпшіліктің назарын аударды.Тарихи оқиғаға тілшіміз Мағжан Үйсінбай куә болып қайтты.
Іс-шара Ұлыстың ұлы күні жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында өтті. Ауқымды хореографиялық қойылымды Астана қаласының «Білім басқармасы» мен «Техникалық және көркем шығармашылық орталығы» ұйымдастырды.
ҚАНАҒАТ ШАРАХМЕТОВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
— Бұл іс-шараға Астана қаласының 112 мектебінің оқушылары қатысып отыр. Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиевке және барлық мектеп директорына осы шараның сәтті өтуіне себепкер болғанына алғысымды білдіремін.
«Қамажайды» билеуге бас аяғы үш мың оқушы қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ауқымды шараны өткізуге дайындық бір ай бұрын басталған.
ТӘУІРЖАН РАХАТ, БАС БАЛЕТМЕЙСТЕР:
— Сіздер байқаған боларсыздар, қатысушылар билейтін балалар емес. Ішінде Көркем өнерпаздар коллективінің билейтін балалары бар. Бірақ мына жерде 70% – билемейтін балалар. Сол билемейтін балаларды біз үйретіп шығардық. Әр мектептің хореографы, әр мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және біз сол мектептерде жүріп балаларды дайындап шығардық.
Төл өнерімізді дәріптеген қыздарымызға елорда жұрты тәнті болды. Орындарынан тұрып, қошемет көрсетіп, зор ризашылығын білдірді. Би қойылымынан бөлек, қазақ ұлттық киімдері көрерменге ұсынылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.