Ойылға екі күнде жаңа көпір салынбақ

Ақтөбе облысының Ойыл ауылы маңындағы уақытша техникалық көпір құрылысы көз ілеспес жылдамдықпен салына бастады. Мердігер компания нысанды екі күнде пайдалануға беруге уәде берген. Учаскеде арнайы техника мен 75 адам күні түні жұмыс істеп жатыр. Бұл көпірді салып жатқан құрылыс компаниясы жақында облыс әкімі Асхат Шахаровтың қаһарына ұшыраған еді. Өңір басшысы құрылысты сапалы әрі жылдам салып тапсыруын талап еткен. Ойыл өзенінен өтетін бұл нысан 9 мыңнан аса адам тұратын 5 елді мекенді жалғап жатыр. 5 күн бұрын осы жерден өтетін өткелді қызыл су шайып кетіп, жұрт арғы бетте қалған. Қазір амалсыз тұрғындар өзеннен қайықпен өтуге мәжбүр. Төтенше жағдай орын алған жерде құтқарушылар, полицейлер мен әскерилер де жұмыс істеп жатыр. Ал негізгі автокөлік көпірін өткен жылы тасқын су бұзып кеткен. Қазір осы мердігер көпірді бюджеттен бөлінген 2 миллиард 600 миллион теңгеге қайта жөндеп жатыр.
АСХАТ ШАХАРОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
— Ұйымдастыру жұмысы нашар. Әрине, көпір құрылысына құжаттар кеш әзірленді. Өйткені өткен жылы бұл нысан бойынша сұрақтар да көп болды. Енді нақты жұмысын көрген соң ғана, ақшасы төлене бастайды.

———————————————