Депутаттар елдегі саяси реформалардың қандай нәтиже бергенін талқылады

Үш жыл бұрын елде саяси реформалар қолға алына бастады. Ол қандай нәтиже бергенін Парламентте депутаттар талқылады. Мәжіліс төрағасы жүргізілген реформалар аясында бірқатар маңызды заң қабылданғанын атап өтті.
Саяси реформаларға арқау болған Жолдауды Президент осыдан тура үш жыл бұрын дәл осы залда жариялаған. Мәжіліс депутаттары мен түрлі қоғамдық ұйым мүшелері осы реформалардың қандай жеміс бергенін айтты. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың сөзінше, тікелей Тоқаевтың пәрменімен елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң қабылданды. Нәтижесінде, екі триллион теңгеге жуық актив қазынаға қайтарылды.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ:
— Жердің астындағы және үстіндегі қазына-байлық халықтың меншігі деген норманы Конституцияға шегелеп жаздық. Қазір бұл принцип «Ұлттық қор – балаларға» заңы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жаңадан ашылған ірі кен орындарының 50% көбі мемлекетке тиесілі болады. Жер мәселесі де депутаттардың үнемі назарында.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің осы активтерді қайтарып жатырмыз деп күнде есеп беретін уәкілетті органның жұмысына көңілі толмай отыр. Оның айтуынша, екі триллион теңгенің тең жартысын екі олигарх қайтарған. «Басқа олигархтардың ақшасы қайда?» — деп іздеу салды мәжілісмен.
ЕРМҰРАТ БӘПИ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Елдегі «өзгерістердің үш жылдығы» дегенде Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру мақсатында жылыстатылған активтерді елге қайтару бастамасын бірінші кезекте айту керек. Бұл мемлекет басшысының өз сайлаушыларына, яғни Қазақстан халқына берген президенттік уәдесі ғана емес, ең басты перзенттік парызы деп түсіну керек. Президенттің тілімен айтқанда, ел қазынасының жартысын иеленіп алған олигархаттан қайтарылуы тиіс активтер қайда?
Ал академик Асқар Жұмаділдаев 30 жыл бойы ұрланған тек даладағы дүние ғана емес, қала ішіндегі институт, университеттердің, ғылым академиясының ғимараты мен жері де талан-таражға түскенін айтып қынжылды. Ол: «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ғылымға тиесілі дүниелерді қайтартып берші», — деп депутат Бақытжан Базарбектен көмек сұрады. Ал ғылым академиясына бөлінетін қаражатты министрлік емес, Парламент шешуі керек деген пікір білдірді.
АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВ, ҰҒА ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ғылымға бөлінген ақшаның 30% академияда, 70% Ғылым және жоғары білім министрлігінде қалсын. Министрлік бірыңғай әдіспен гранттарды таратсын. Алайда гранттарды таратуда мемлекеттің мүддесі ұмыт қалып жатыр. Академия елдің мүддесін қадағалауы қажет. Ол жылына жылына 2 500 грант бермеуі керек, 3-4 грант, бірақ ірі грант беру керек.
Экономист Жақсыбек Күлекеев бізге жаңа экономикалық модель қажет деп есептейді. Ол монополияны азайтып, жаңа бизнеске көбірек жағдай жасалуы керек деген ойда.
ЖАҚСЫБЕК КҮЛЕКЕЕВ, ҚОҒАМДЫҚ ПАЛАТА МҮШЕСІ:
— Ең алдымен, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесі тұруы тиіс. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, туризм, баламалы энергетика салалары да жаңа модельдің басым бағыттары болуы керек деп санаймын. Сонымен қатар тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан өзінің логистика саласындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланса, осының өзі халықтың тұрмысын жақсартуға үлкен себепкер болады.
Президенттің саяси реформаларына пікір айтқан депутаттар атқаратын шаруа әлі де көп екенін мойындады. Мысалы, Асхат Аймағамбетов төмен жалақы алатын қызметкерлер мен аз жәрдемақы алатын мүгедектердің мәселесін болашақта шешуіміз қажет деді.

———————————————