Шымкенттіктер мың түп ағаш отырғызды

19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күн – өткенге көз жүгіртіп, болашаққа жоспар құратын кезең. Наурызнаманың алтыншы күнінде ағаш егу дәстүрі қолға алынған. Себебі Наурыз – тек қуанышты тойлайтын емес, келешекке жаңа мақсат қойып, жаңа бастамаларға бастайтын уақыт. Ағаш отырғызу дәстүрін қолға алғандардың бірі – шымкенттік Абдуллахан ақсақал. Ол бір өзі – 2000 түп терек еккен. Қазір ауласы мен өзі тұратын көшеге басқа да гүл мен ағаш шыбықтарын отырғызуды бастап кетті. Қарияның игі ісі мен Шымкент жұртының Жаңару күнін қалай атап өткені жөнінде әріптесім айтып берсін.
Бұл жер осыдан екі жыл бұрын үлкен қоқыс алаңы болған. Қазір мұнда 2000 түп терек өсіп тұр. Жасыл желекті Абдуллахан Ташходжаев бір өзі отырғыпты. «Келешек ұрпаққа сая болатын ағаш отырғызу – азаматтық парызым», — дейді ол.
АБДУЛЛАХАН ТАШХОДЖАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Халыққа кішкентай бір саябақ болсын, әдемі көрінсін деген мақсатта осы теректерді ектік. Бізден кейінгі ұрпақ жәннатта тұрсын деген мақсатта осыны еккеніміз рас.
54 жастағы тұрғын көктем келе салысымен өзінің үйреншікті әрі сүйікті жұмысына кірісті. Түрлі шыбық әкеліп, аулаға, көшеге отырғызып жатыр. «Наурыз – нағыз жаңаратын, жер жаңа тынысын ашатын берекелі ай», — дейді ақсақал. Бұрын құрылыс саласында еңбек еткен тұрғын қазір халық игілігі үшін тер төгуде.
19 наурыз – көктемгі жаңару мерекесі. Табиғат өзгеріп, өмір қайта жанданатын күн. Бұл күн – әр адамның өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Табиғат қайта түлеп, тіршілік оянады.
КЛАРА АТЕМОВА, ӘЖЕЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
— Атадан мал қалғанша, тал қалсын деген өсиет бар. Жаңару күні деп айтатынымыз Самарқанның көк тасы еріген, жер жұмсарып, дала жаңарған кезде әсіресе үлкен қариялар немерелерін сыртқа алып шығып, күннің астында тал егеді. Атасы қайтыс болса, сол талдың саясында «атам еккен тал» деп демалып отырады. Өсірген талдың саясында адам кеп демалса, соның өзі үлкен сауап іс деп ойлаймын.
Наурызда жер тоңы жібіген соң айналаны тазалап, ағаш отырғызады. «Бұл күннің тарихи мәні де бар», — дейді мамандар.
ШОЛПАН ТОРҒАУЫТОВА, ТАРИХШЫ:
— 19 наурыз күндері ауыртпашылықты, арамыздағы ренішті ескі жылда қалдырып, жаңаға үміттеніп, жаңа жылды бастаймыз. Табысқа кенелейік, берекелі жыл болсын деп жылды бастаймыз. Ғалымдардың бәрі 19 наурыздан бастап күннің өзі жаңару барысына келе жатқанын дәлелдеп отыр. Сол сияқты мемлекетіміз де осы «Жаңару күні» деп 19 наурызды алып отыр.
Кезінде халықтық биліктің қайнар көзі, дала парламентінің рөлін атқарған қасиетті төр саналатын Мәртөбеде шымкенттіктер жаппай тазалық жұмысын жүргізіп, мың түп ағаш отырғызды.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Сәрсенбі таңы шымкенттіктер үшін белсенді басталды. Мегаполисте «Жаңару күніне» орай Мәдени мұра экологиялық акциясы өтуде. Қаланың бірнеше бөлігінде тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, дәл осы Мәртөбе тұрғын алабында жиналғандар аумақты қоқыстан тазартып, жас шыбықтарды отырғызуда.
«Жеті жарғы» заң жинағы қабылданған төбенің қадір-қасиетін сақтаудың алғашқы қадамы – тазалықты сақтау», — дейді ақсақалдар.
ДОСЫБАЙ ШЕРІМҚҮЛОВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:
— Қасиетті жерде осы акцияны бастап өткізудегі мақсатымыз – жастардың бұл төбенің қадір-қасиетін біліп, елдің, қазақтың тарихын білуі үшін, кейінгі ұрпаққа аманат ретінде жалғастырып отыру үшін істелініп отыр. Осынау қазақ халқының тарихында орны қалған осындай қасиетті жерлердің айналанасын таза ұстап, кейінгі ұрпаққа тапсырып отыру керек.
Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні өмірдің жаңаруын бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу шарасына арналса, бүгін еліміздің барлық өңірінде жаппай тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Ағаш отырғызу дәстүрі Қазақстанның жаңару кезеңін, дамуы мен гүлденуін бейнелейді. Себебі қазақ халқы үшін Наурыз мейрамы – тек қуанышты тойлау ғана емес, өткенді саралап, болашаққа жоспар құру уақыты.

———————————————