Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінен қауіп артты. Сергеев қоймасында бөгет үстімен ағып жатқан судың биіктігі соңғы тәулікте күрт көтеріліп, 40 сантиметрге жуықтаған. Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарға эвакуацияға дайындалу керек екенін ескертіп жатыр. Ал еріген қар суы болса өңірде бірнеше жол учаскесін басты.
Сергеев қоймасы 104% толды. Салдарынан бөгет үстімен ағып жатқан судың биіктігі 40 сантиметрге жуықтаған. Айта кету керек, былтырдан бері мұнда судың нөпірі тоқтаған емес. Бұл – тарихта болмаған құбылыс. Гидрологтар: «Аталған нысан биыл -1,9 миллиард текше метр су өткізеді», — деп болжам жасап отыр.
ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Соңғы тәулікте қоймадағы су 22 сантиметрге көтерілді. Сондықтан бүгіннен бастап күшейтілген жұмыс кестесіне көштік. Әр төрт сағат сайын ақпарат жаңартып отырамыз. Қазір өңірде қардың басым бөлігі еріп, өзен-көлдер толып жатыр. Ал кей жерлерде мұздың көбесі сөгіле бастады.
Есілдегі су деңгейінің көтерілгенін естіген қала іргесіндегі «Заречный» шағын ауданы тұрғындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Құтқарушылар үй-үйді аралап, эвакуацияға дайындалу керек екенін ескертуде. Тұрғындар дүние-мүлкін қауіпсіз жерге көшіре бастады. Бүгінде мұнда 251 үйде 650 адам тұрып жатыр. Тағы 40 отбасы осы маңдағы саяжайды паналауда.
РАУШАН ӘБДІРАХМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Былтыр баспанамызбен бірге бар жиған-тергеніміз бүлінді. Сол себепті осы жылы ерте қамданып жатырмыз. Су келсе, қайда барарымызды да білмейміз. Үш баламен эвакуациялық бекетті паналау қиын.
Жыл соңына дейін бұл аудан жабылады. Әкімдік өкілдері тұрғындарды басқа жаққа көшіреміз деп шешім қабылдады. Халық баспанамен қамтылады. Ал саяжай учаскесіндегілерге үй берілмейді. Қазір жергілікті билік халықтың тұрмыстық-техникасы мен заттарын уақытша сақтайтын арнайы орын бөлді.
ӘСЕМ АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Тұрғындар мүліктерін сақтап қалу үшін үлкен қойма, одан бөлек осы «Заречный» тұрғындарына арнап екі эвакопункт дайындалды. Колледждерде орналасқан. Сыйымдылығы 250 адамға арналған. Сондай-ақ резерв түрінде төрт мектептің базасында эвакопункттар болады.
Былтыр «Заречный» ауданында 450-ден астам үйді су басып, жартысы апаттық деп танылып бұзылды. Қазір өңірде елді мекендерді қоршай салынған бөгеттерді нығайту жұмыстары қызды. Қарғын су аймақта 8 жол учаскесін басып қалды. Алайда көлік қозғалысы шектелген жоқ. Жауаптылар тәуліктік кезекшілікке көшті. 116 ауыл қатаң бақылауда.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.