Ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақсатында ашылған «Болашақ» халықаралық бағдарламасы 32 жылда кемелденген шаққа жетті. Осы уақытта жоғары оқу орындарының ғылыми дәрежесін алуды да, әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми және өндірістік тағылымдамаларды да қамтып келген «Болашаққа» енді бакалаврит қосылып отыр. Яғни биылдан бастап білімде болашағы зор талантты оқушыларға да жол ашылмақ.
«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Мектеп түлектерінің зор талантын қолдау үшін «Болашақ» бағдарламасына «Бакалавриат» санаты қосылды. Ол үшін «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Қабылдау шарты: Іріктеуге соңғы үш жыл ішінде жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиада, халықаралық конкурста ғылыми жоба қорғаған және орындаушылардың халықаралық конкурстарының жеңімпаздары қатыса алады». «Болашақ» бағдарламасының талабы бойынша бұл олимпиада мен конкурс тізімін шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия анықтайды. Бұл маңызды жобаның жыл өткен сайын жаңарып, жаңғырып келе жатқанның дәлелі.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы 1993 жылы іске қосылды. Осы уақыт аралығында арман қуған мыңдаған жас мұхит асып, әлемнің үздік деген университеттерінде білімін жетілдірді. Жоба қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіндік болып келеді.
Сондай мүмкіндікке ие болған жас маманның бірі – Президент іс басқармасының лор дәрігері – Медет Махамбет. Ол елімізде алғаш рет құлаққа эндоскопиялық трансканалды операция жасауды тәжірибеге енгізген. Вилньюсте алған білімін отанына келіп, кәдеге жаратқан «Болашақ» стипендиаты «мемлекет мүмкіндік жасамаса, қанша талантты болса да, қарапайым отбасынан шыққан кез келген жасқа бұл қол жетпес арман» деп санайды.
МЕДЕТ МАХАМБЕТ, ЛОР ДӘРІГЕРІ:
— Бұл жерде басты айта кететінім, «Болашақтың» беретін мүмкіндігі. Яғни шетелдік тәжірибені құлақпен естіп қана емес, көзбен көріп қана емес, қолмен ұстауға мүмкіндік берді. Мысалы, қарапайым отбасынан шыққан жас дәрігерге ондай қаражатты тауып, оқудың ақшасын төлеу шамасы келмейді. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы жүрегінде оты бар жастарға үлкен мүмкіндік деп білемін.
«Біткен іске сыншы көп». Соңғы кездері «Болашаққа» сын да айтылып жүр. Дегенмен XXІ ғасырда елімізді озық елдер қатарынан көру үшін адами капиталды дамыту, кез келген саланың маманын сауатты, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары болуын мақсат тұтқан арнайы орталық жұмысы назарда болуы шарт», — дейді мәжіліс депутаты.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Әрине, бұл маңызды бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру үшін шетелге аттануды туризммен шатастыруға болмайды. Грант жеңіп алып, әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында оқуға барғанда белгілі бір мақсатты ұстану керек. Оны тиісті министрліктер назарда ұстауға тиіс. Алған білімін елімізде ұштастыруы керек.
Бүгінге дейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша 13 мыңға жуық маман шетелде білім алған. Оның 4 мыңнан астамы: инженерлік-техникалық яғни коммуникция, ауыл шаруашылығы саласы бойынша. Жас мамандар Ұлыбритания мен АҚШ-та біліктілігін арттырған. Еуропа елдері мен Ресейдің үздік оқу орындары да бар. Қазір олардың дені дерлік Қазақстанның болашағы үшін еңбек етіп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.