Астанада Ұлттық спорт мерекесіне орай отбасылық эстафета өтті

Ұлттық спорт мерекесіне орай бүгін Астананың «Аспан» спорт кешенінде отбасылық эстафета өтті. Ерлі-зайыптылар мен балалар асық ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындардың көрігін қыздырды.
«Ұлы дала ойындары» эстафетасына 45 отбасы қатысты. Олар тоғыз командаға бөлінген. Әрқайсысында бес жанұя. Әке, ана, бала бөлек сынға түсті. Балалар бәйге, теңге алу, көкпар ойнады. Қапшықпен секіріп, асық жинап жарысты. Аналар кесені басына қойып жүріп өтіп, шаш өруден сайысты. Ою ойды. Әкелер садақ атып, тоғызқұмалақтан бақ сынады. «Бес асық» ойнады.
БАУЫРЖАН ТІЛЕМІС, ҚАТЫСУШЫ:
— Асық атудан, тоғызқұмалақтан бақ сынаймыз. Бала-шағамызбен түнімен дайындалдық. Асық аттық. Кішкентай кезімізде асық атып үйренгенбіз, ойнамағанымызға біраз болды, сонда да қолымызды үйретіп жатырмыз.
Ұлттық спорт күніне орайластырылған эстафета отбасындағы татулық пен бірлікке үндейді. Әке, ана, баланың бірге уақыт өткізіп, бірге спортпен айналысуына ой салады. Балалардың ұлттық спортқа қызығушылығын арттырады.
ӘЛИЯ БЕЙСЕМБАЕВА, ҚАТЫСУШЫ:
— Өте жақсы ұйымдастырған. Қызым да қандай ұлттық ойындар бар екенін көреді. Мысалы, тоғызқұмалақты ойнамағанбыз. Еске түсіреміз. Үйренеміз.
Эстафетада «Ұлы дала» командасына тең келер қарсылас болмады. Екінші орын «Астана» командасына бұйырса, үшінші орынға №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы лайықты болды. Жеңімпаздарға Кубок пен медальдан бөлек, ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқ пен домбыра сыйға тартылды.
———————————————