Asar Baspana қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар қамауға алынды

«Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар қамауға алынып, ұйымның жұмысы тоқтатылды. Пирамиданы құрушылар 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан. Топ жетекшісі серіктестерімен бірге 3,8 млрд теңгені заңсыз иеленген. Тұтынушылық кооператив ретінде жасырын жұмыс істеген қаржылық ұйым Алматыда құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты бар деп салымшыларды алдаған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста Туғанбаев Н.М. 8 ақпан күні Asar Baspana сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды. Алайда тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес, «Gold» деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген.
———————————————