«Великолепный век. Кёсем» жуырда «Жетінші арнада»

«Жетінші арна» көрерменге тағы бір тарту әзірлеп жатыр. «Великолепный век. Кёсем». Жуырда түріктің тарихи сериалы көрерменге жол тартады. Орыс тілінде шығатын телехикаяда Осман империясы тұсындағы таққа талас, ішкі және сыртқы саяси қақтығыс баяндалады.
Басты кейіпкер Көсем сұлтанды жасына байланысты үш актриса сомдайды. Жас кезін ойнау грекиялық Анастасия Цилимпоуға бұйырды. Ол 60 мың үміткердің арасынан таңдалды. Жоба авторларының айтуынша, осы рөл үшін түрік тілін меңгерген грек актрисасының акценті Көсем сұлтанның образына сай келген көрінеді.
ӘДІЛ ҰММАТ, ПРОМО-ПРОДЮСЕР:
— Сериалдың басты актерлері бірқатар дайындықтан өтті. Жоба үшін сөйлеу мәнерін де өзгертті. Өйткені Осман империясында заманауи түрік тілінде сөйлемеген. Актерлер сол кездегі османлы түрік тілін, диалектін үйренді.
Актерлер сол кезеңді көрерменге әсерлі жеткізу үшін Осман империясының мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысқан. Ал І Ахмедтің рөлін сомдаған талантты актер Экин Коч бірқатар оқу-жаттығу курсынан өткен.
ӘДІЛ ҰММАТ, ПРОМО-ПРОДЮСЕР:
— Ол атпен жүрудің түрлі әдісін үйренді және Осман әскерінің қаруларын қолдануды толық меңгерді. Бұл – физикалық ауыр жұмыс.
Телехикаяда қызықты кейіпкердің бірі – І Ахмедтің әжесі Сафие сұлтан. Ол – Сүлеймен сұлтан сериалынан бері келе жатқан жалғыз кейіпкер. Оның рөлін Түркияның танымал акртисасы Хюлья Авшар сомдайды.
КЕНЖЕМҰРАТ МОЛДАНҰЛЫ, ДУБЛЯЖ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Түрік ағайындардың бұл индустрия саласында озық шыққаны –актерлерді таңдауы, олардың шеберлігі, сарайдағы декорациялар. Көрерменге олардың саяси айқастары қызық.
Туындыда XVII ғасырдың басында мемлекетті басқарған тұлғалардың тұрмыс-тіршілігі артық бояусыз берілген. Сондықтан жоба авторлары оның барынша шынайы шығуына аса мән бергенін айтады.
———————————————