Алматыда классикалық шахматтан Қазақстан чемпионатының жартылай финалы басталды

Алматыда классикалық шахматтан Қазақстан чемпионатының жартылай финалы басталды. Турнир швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрады. Спорт шарасында 155 шахматшы бақ сынамақ. Арасында 9 жастағы балалар да бар.
Уақыт бақылау нұсқасы классикалық. Әр партияға 90 минут беріледі және де әрбір жасалған жүріс үшін 30 секунд. Былтыр жарыс Орал қаласында өткен. Енді жеңіске жеткен сол шахматшылар финалға шығу үшін сынға түседі. Жарысқа 155 шахматшы қатысып жатыр. Олардың қатарында: алты халықаралық шебер, 10 ФИДЕ шебері, әйелдер арасындағы бес ФИДЕ шебері бар.
СТЕПАН БЕСПАЛОВ, ЕВРАЗИЯ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз үшін шахмат – жастарға алдағы өмірін нақты жоспарлауға негіз болатын жоғары интеллектуалды ойын. Мен тіпті турнир осында өтпес бұрын шахматтың тарихын зерттеп шығып, көптеген қызық дерек алдым. Шахматтың 1,5 мың жылдық тарихы бар екенін, отаны Үнді елі екенін білмеппін. Көп қызыққа қанықтым.
«Шахмат – мықтының мықтысы, ақылдының ақылдысы ойнайтын спорт. Сондықтан қуана келістік», — дейді оқу орнының өкілдері. Ашық турнирге ересектер мен бірге болашағынан үміт күттіретін жас шахматшылар да қатысып жатыр.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Бүгін жартылай финал нағыз мықтыларды анықтайды. Алматыда өтіп жатқан жарысқа былтырғыдан көп шахматшы жиналғаны қуантады. Еліздің барлық өңірінен келді. Бұл шахматшылар өз облыстарының жеңімпаздары. Ересектер ғана емес, балалар да қатысып жатыр.
Спорт шарасының жүлде қоры – 3 миллион 300 мың теңге. Әр санаттағы жеңімпаз – 750 000, күміс жүлдегерлер – 550 000, қола жүлдегерлер 350 000 теңгеден алады. Әр санаттағы үздік үш ойыншы 20 мамыр мен 6 маусым аралығында Астанада өтетін Қазақстан чемпионатының финалында бақ сынайды.
———————————————