ПИК атқарылған жұмыстары жөнінде ай сайын есеп беруге тиіс

Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы енді қатаң қадалағанады. Аталған ұйым тұрғын үйлерді күтіп ұстау бойынша атқарылған жұмыстар мен қаржының қандай мақсатқа жұмсалғаны жөнінде ай сайын есеп беруге тиіс. Өйтпеген жағдайда оларға айыппұл салынады. Парламент Мәжілісінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау бойынша заңға осындай өзгерістер енгізу ұсынылды. Меншік иелері бірлестігінің жұмысын жетілдіруге қатысты да бірқатар ұсыныс айтылды.
Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына тұрғындар тарапынан шағымдар қашан да көп болған. Олардың қызметін ешкім қадағаламайды. Сондықтан аталған ұйымдар көппәтерлі тұрғын үйлердегі түйткілдерді шешуге де тиісті түрде атсалыспайды. Кемшіліктерді ескерген Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева заң жобасына мынадай түзетулер енгізуді ұсынды.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Тұрғын үйді басқарудың үш субъектісі таңдалған. Бұл – басқарушы компания, кәсіби басқарушы және пәтер иелері кооперативі. Мүлік иелері бірлестігінңің төрғасының өкілеттігі 1 жылдан 3 жылға ұзарды. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын цифрландыру, міндетті тіркеу және есептілік енгізіледі.

СТЕНДАП: ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Заң жобасы аясында мүлік иелері бірлестігінің жұмысын жетілдіру қарастырылған. Мақсат – көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсету сапасын жақсарту. Бұл мүлік иелері бірлестіктерінің құзырын кеңейту арқылы іске аспақ. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық реформасы бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Депутаттардың айтуынша, меншік иелері бірлестіктері пәтер иелері кооперативтеріне қарағанда тиімді жұмыс істемек. Өйткені баспана қожайындары жиналған қаражатты нақты қандай қажеттіліктерге жұмсау керекгін өздері шешеді. Яғни тұрғын үйді күтіп ұстау үшін қызметшілерді жалдау мүмкіндігіне ие. Көппәтерлі үйлердегі ортақ мүлікті пайдалануға бөгде ұйымдар емес, меншік иелері өздері жауап береді.
НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Заң жобасында жай серіктестік ұғымы алып тасталады. Қаражатты жұмсау бойынша есеп беріледі. Тұрғын үй инспекциясының өкілеттіктері кеңейтілген. Мүлік объектілерін басқару субъектілеріне салық салу тәртібі айқындалған. Шоттарды ашу, құжаттарды ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленіп отыр.
Қазір Қазақстанда 1,5 мыңға жуық пәтер иелері кооперативі жұмыс істейді. Соңғы жылдары оларды меншік иелері бірлестіктері алмастырып келеді. Жаңа заң аясында пәтер иелері кооперативтерін қайта тіркеу тәртібі енгізіледі.
———————————————