Шымкентте жүзге жуық отбасы жылусыз қалды

Шымкентте жүзге жуық отбасы мереке күндері жылусыз қалды. Жаңа тұрғын үй кешеніне көшіп келгендер жылудан бөлек, ыстық суға да зар болып отыр. Кішкентай сәбиі мен қарты бар отбасылар жылудың ақшасын уақытылы төлеп отырғандарын айтады.
Асылзат Тоқтасынова бұл тұрғын үйге өткен жылдың желтоқсан айында көшіп келген. Жылудың ақшасын уақытылы төлеп жүрсе де, жылусыз пәтерде сәбиін қабаттап киіндіруге мәжбүр. Себебі екі күннен бері жылу жоқ.
АСЫЛЗАТ ТОҚТАСЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Плитаға суды жылытып, бөпені осылай шомылдырғаннан басқа амал жоқ. Өйткені қай жағын ағызсаң да мұздай су, қолды салу мүмкін емес. Ыдыс жуа алмай отырған үй қаншама?!
Тек бір үйде емес, жүзге жуық баспанада жылу жоқ. Тұрғындарға қамсыз қоныстануға кеңес берген кешен иелері жылуды өшіріп, жұртты шарасыз күйде қалдырып отыр. Ал мұндағы тұрғындардың басым бөлігі – үйінде кішкентайы бар жас отбасылар.
АҚЕРКЕ ӘЛІМҚҰЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Тұрғындар кірмеген пәтерлердікін құрылыс компаниясы өзім төлеп тұрамын деп уәде берген. Жылыту маусымы әлі біткен жоқ қой. Бітпей жатып төлесек те, төлемегендер үшін жылы сусыз қалып отырмыз.
Мердігер компания жылуды өшіру себебін «тұрғындар коммуналды шығынды төлемеді» деп түсіндірді. Мәселеден толық хабары жоқ жауапты өкіл тұрғын үй кешеніне жылу мен жылы судың ақша толық төленбейінше берілмейтінін айтты.
———————————————