Ауызашарда фастфудқа тапсырыс бергендер жаппай ауруханаға түсті. Түркістанда үйге суши мен пицца алдырған 57 адам астан уланды. Дәмді тағамнан жүрегі айнып, жедел жәрдем шақырғандардың 17-сі – бала.
Фастфудтан уланғандар жеңіл асты ауызашарға деп тапсырыс берген. Бірақ тамақтанған соң, көп ұзамай жүрегі айнып, қызуы көтеріле бастаған. Астан уланғандар фастфудтан ешқандай бөтен иіс пен дәм сезбепті. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгендердің қатарында балалар мен жүкті әйелдер де бар.
ШАХНОЗА НАРЗУЛЛАЕВА, НАУҚАСТЫҢ АНАСЫ:
— Қызым үйіне суши алдырған. Содан уланып қалған. Үйінде 4-5 адам жеген. Қызымның аяғы ауыр болған соң больницада жатыр. Тоқтамай құсқан, кейін жедел жәрдем шақырып, су ішкізіп, құстырған. Болмағаннан кейін больницаға әкеліп жатқызған, қазір жағдайы жақсы.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті уланған науқастардың басым бөлігі Түркістан қаласының, ал алтауы – Сауран, екеуі Түлкібас ауданының тұрғыны екенін мәлімдеді. 22 науқас аурухананың оқшауланған палатасында ем алып жатыр.
БЕКЗАТ БЕРДЕНОВ, ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне 22 адам жатқызылды. Олардың барлығына тағамдық токсикоинфекция болжамдық диагноздары қойылды. Қазіргі таңда науқастардың барлығының жағдайы бірқалыпты. Ешқандай асқыну жоқ. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Олардың барлығы жұқпалы аурулар бөлімшесінің оқшауланған палаталарына жатқызылды.
Ал полиция улану дерегі бойынша қылмыстық кодекстің «Санитариялық қағида немесе гигиеналық нормативті бұзу» бабымен іс қозғап, сараптама тағайындады. Қазір суши мен пицца дайындайтын қаладағы танымал дәмхананың есігі мөрленіп, уақытша жабылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.