2022 жылы Ұлытау облысынан бастау алған Ұлттық Құрылтай жер шоқтығы Бурабайға жетті. Дәстүрлі жиын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – яғни жаңару мен жаңғыру кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Ұлтымызды ұйыстыра білген төртінші басқосуда ауқымды бастамалар көтерілмек. «Әлеуметтің әлеуетін ғана емес, ұлтымыздың рухани дамуына әсер ететін ілкімді істер мен нәтижелі шешімдер жалғасады»,- дейді құрылтай мүшелері.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Жылына бір рет алқалы жиын бас қосатын Ұлттық Құрылтай басталды. Осымен 4 рет өткелі отырған шараға қатысушылар Ақмола облысының Щучье қаласында пленарлық сессияда бас қосып, қоғамның сан-саласына қатысты сауалдарды талқылап жатыр. Ал Бурабайда өтетін ауқымды шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады.
Құрылтайдың IV отырысына Бурабайдың таңдалуы тегін емес. Әрине, алғашқы басқосу – ұлт ұясы Ұлытауда, екінші жиын – түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда, өткен жылы хан ордалы Сарайшық іргесіндегі Атырауда өткен болатын. Ал Бурабай – тарихта Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың орда тіккен қасиетті мекені. Осы мекенде ел тарихында қайта жаңғырған Ұлттық Құрылтайдың бүгін алғашқы секциялық жұмыстары басталып кетті.
БАҚТЫҒОЖА ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
— 20-дан аса адам сөз сөйледі, 50-ге тарта ұсыныс болды. Бұдан бұрынғы Атырауда болған Құрылтайда көтерілген мәселердің қалай орындалғаны бүгін баяндалды. Сондықтан бүгінгі көтеріліп жатқан мәселелердің барлығы атқарушы органдарда, аймақтарда, министрліктерде, Үкіметте, Президент әкімшілігінде қаралатыны сөзсіз.
Қаралып жатқаны 4 түрлі бағытта, яғни әлеуметтік-экономикалық, экология, білім мен ғылым, өнер-мәдениет, жалпы азаматтық қоғам тақырыптары аясында. Секция жұмысын министрлер өз қолдарына алыпты. Құрылтай құрамында Ассамблея мүшелері, бизнес қауымдастық өкілдері, үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдар мен депутаттар. Жазушылар да бар
МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Ұлттық Құрылтайдың IV шақырылымы қасиетті Оқжетпесте өтіп жатыр. Ұлттық Құрылтай – біздің руханиятымыздың, мәдениетіміздің дамуына үлкен көңіл бөлетін үлкен құрылым. Сондықтан бұнда секциялық жиналыстарда мәдениетімізге, өнерімізге, әдебиетімізге қатысты мәселелер жан-жақты айтылады. Бүгінде сондай проблемалар көтеріліп жатыр.
Балалар әдебиеті, фонограмма, мәдениет саласына қатысты түйткілдер тегіс айтылды. Құрылтай мүшелері, әсіресе жастар тәрбиесіне кері әсер етіп жүрген әлеуметтік желідегі жайсыз көрсетілімдер, теріс діни ағымдарға жетелейтін жазбалармен де күресеміз деп отыр. Секция жұмысы әлі жалғасып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.