Ақтөбедегі бау-бақша ұжымдарына тасқын су таяп қалды

Ақтөбедегі бау-бақша ұжымдарының тұрғындары тасқын бола қалса, үйін тастап кетуге даяр. Халыққа қызыл су таяп қалды, сондықтан бір-екі күннің ішінде көшіп кетіңдер деп ескертілген. Құтқарушылар тасқын қаупі бар аудандарға күш-құралдарды аттандырып жатыр.
Бау-бақша ұжымының тұрғыны Гүлбағда Раева жыл сайын суға кетеміз дейді. Осы көктемді де мұндағы жұрт үлкен үреймен күтіп отыр. Қызыл судың қандай болатынын олар көзімен көрген.
ГҮЛБАҒДА РАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Биыл «суға кетесіңдер, дайындалыңдар» деген ескертулер келіп жатыр. Бес баламыз бар, қайда баратынымызды білмеймін. 2017 жылдан бері осы ғой. Көктем келсе, қорқамыз. Документ бәрін дайындап отырмыз. Шық десе, шығамыз.
Былтырғы тасқыннан кейін бұл ауданнан 15 отбасы көшіп кетті. Су олардың үйін түгел қиратқан. Ал бұлардың күтуден басқа шарасы жоқ. Өйткені қайда барарын білмейді. Тұрғындар су қашан келеді екен деп қол қусырып отырмай, трансформаторды қардан тазартты. Енді айналасын құммен қоршамақ. Өткен жылы қондырғыны су басып, жұрт бір аптадай жарықсыз қалған.

ЕЛЕНА КУЗНЕЦОВА, «ЖЕМІС» БАУ-БАҚША ҰЖЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Көпбалалы, мүгедек баласы, қариясы бар отбасылар көп мұнда. Әрине, үрей бар. Жұртты жинап, 15 наурызда су таситынын ескерттім. «Құжаттарды, бағалы заттарды дайындап қойыңдар», — дедім. Тасқын бізді айналып өтеді деп үміттенеміз.
Қызыл су елді мекендерді айналып өте ме, жоқ па болжау қиын. Оған дайын болу керек. Шалқардың Бозой ауылы мен Ақтөбе маңындағы Қурайлы елді мекенінде күні кеше көшелерді су басты. «Сорып үлгердік, ешкімнің үйіне, ауласына су кірген жоқ», — дейді құтқарушылар. Десе де өңірде бір апта бойы жаңбыр жауып, қар тез ериді деп ескерту жарияланды. Су басу қаупі жоғары Қобда, Хромтау, Ойыл, Ырғыз және Темір аудандарына қосымша күш жіберіліп жатыр.
АЙБАТ ЖАҢАБЕРГЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Барлық департаменттің күш құралдары су тасқынына дайын. Бүгінгі күнде 3600-ден астам адам, мыңнан астам техника, жүзден астам жүзу құралдары, 440 мотопомпа дайындыққа келтірілді. Сонымен қатар Ақтөбе облысына Қызылорда және Маңғыстау облысынан департаменттің күш-құралдары келеді.
Төтенше жағдайлар департаменті, аудандық және облыстық әкімдіктер жанындағы жедел штабтар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Үйін су басса, тұрғындар 109 немесе 112 телефон нөміріне хабарласа алады.
———————————————