Ми батпаққа айналған көшелермен жаяу жүрмек түгілі, көлікпен өту мүмкін емес. Алматыдағы Мәдениет ықшам ауданының тұрғындары осылай шағымданды. Әсіресе күн жылынғалы бері жағдай ушыққан. Оқушылар мектепке балшық кешіп барады.
Мәдениет ықшам ауданының тұрғындары күнде жол азабын тартады. Саз балшықтан аяқ алып жүргісіз. Әсіресе оқушылар қатты қиналады.
ЛАУРА БУХИРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Күн сайын лай болып келеді. Әрбір балада екі шалбардан. Кезектеп ауыстырады. Күнде жуамыз. Өйткені жаяу жүреді, жердің қандай екенін көріп тұрсыздар. Басқа көшелерде мүлдем батпақ болып жатыр.
Бұл жаққа жедел жәрдем де жете алмайды. Сондықтан жергілікті тұрғындар өз бетінше қам-қарекет жасауға кіріскен. Өз қаражаттарына техника жалдап, опырылған жолдарды тегістеген.
АБЫЛАЙ АЙДАРБЕКҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Иә, ең күшті жол бізде осы ғана. Өйткені орталық көшенің жолы. Қалған көшелермен кірсеңіздер, шыға алмай қаласыздар, батпаққа батасыздар. Аяқ киімді күніге тазалайсың. Балалардың үсті-басы батпақ, жедел жәрдем кірмейді.
«Қазір Мәдениет ықшам ауданында кәріз желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Сондықтан бұл уақытша қолайсыздық», — дейді әкімдік өкілдері.
АБАЙ ТОПАРБАЙ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Жоба бойынша 100 шақырымнан арта су және кәріз желілерінің құрылысы қарастырылған. 15 мың адамды қамтитын. Көшелерді ыңғайсыздық тудыруға себебі шағын ауданда жердің ылғалдылығы бірінші категориялық болғандықтан, ыңғайсыздық тудырып жатыр. Оған қарамастан мердігер мекеме салынған көшелерде уақытша құм қиыршық тастарын себу жұмыстарын атқарып жатыр.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, кәріз желілерінің құрылысы биыл аяқталады. Іле-шала жол салынып, асфальт төқселеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.