Қызылорда облысында 23 елді мекен сапалы ауызсуға мұқтаж

Қызылорда облысында 23 елді мекен әлі күнге дейін сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Орталықтандырылған су құбырына қосылмаған ауылдарда тұратын 6 мыңдай сырбойылық тіршілік нәрін тұщытып немесе тасып ішуге мәжбүр. Арал ауданындағы құмның арасында орналасқан Ақбасты, Абай, Тоқабай елді мекендерін таза сумен қамтуы тиіс жобалар қаржы жетіспеушілігінен аяқталмай қалған. Енді сусап отырған алыс ауылдарға заңсыз активтен қайтарылған ақшаға құбыр тартылатын болды. Бұл мақсатқа 4 млрд теңге жұмсалмақ.
БАҚЫТ ЖАХАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ерімбет жаға, Арал ауданындағы Тастүбек деген елді мекенді топтық су құбырына қосу мәселесі бар. Одан бөлек Шәкен, Шилі, Шитөбе және Сарбұлақ Қазалы ауданына қарасты барлығы 3,7 млрд тг қаржы қажет болса, арнаулы мемлекеттік қордан шешіліп, тиісті қаржы бөлініп жатыр. Сапалы ауызсумен осы елді мекен тұрғындарын қамтамасыз етеміз. Сөйтіп, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы 100% орындалады.
———————————————